«Арай – 2015» байқауының жеңімпаздары анықталды

415

Облыстық «Арай 2015» байқауы мәресіне жетті. Биыл жиырмасыншы рет шымылдығын түрген өнер додасына 16-25 жас аралығындағы жас әншілер мен кеш жүргізушілері қатысты. Сайыста талантын дәлелдеуге жүзден астам үміткер ниет білдірген, бірақ ақтық сынға оның 50-і ғана жолдама алды.

Бір қарағанда бишілерге ұқсайтын топ «Семсердің» серілері деп аталады. Дуэттің құрылғанына 2 жылдан асқан. Жас өнерпаздар «Арай» байқауында топтың бағы жанып, биіктен көрінетініне сенеді. Сахна төріне алғашқылардың бірі болып көтерілген түркістандық таланттар Маханбеттің термесін әуелете ән-күймен төкті.

"Семсер" тобы
«Семсер» тобы

«Семсер» тобы: «Әрине, сахнаға шығар сәтте қобалжыдық, себебі біз бұған дейін тек аудандық-қалалық сайыстарға қатысып жүретінбіз. Енді, міне, ауқымды байқаудың ақтық сынында Түркістанның намысын қорғаудамыз. Біздің топтың ерекшілігі – хореографияны меңгергенбіз. Яғни әнмен бірге би де қатар жүреді. Бұл ғана емес, біздің нөмірде қазақтың домбырасымен күй орындау да бар».

10942614_541398406002380_35773207930836052_n

Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, жас таланттарға қойылған талап жоғары. Яғни, арнайы өңделген әуеннің сүйемелдеуімен ғана өнер көрсетуі тиіс. Үміткер 1 патриоттық ән орындады. Екінші кезеңде өз таңдауы бойынша еркін тақырыптағы шығарманы айтуға мүмкіндік берілген. Шарт бойынша шараны жүргізу кеш жүргізушілігінде бағын сынаушыларға жүктелді. Олардың өнері осылай таразыланды.

834

Гүлнәр Қожанова, көрермен: «Мен Қазығұрт ауданынан келіп, байқауды тамашалап отырмын. Әнді жақсы орындағандарға жанкүйер болып кеттім. Бәрі жоғары деңгейде дайындалып келген, сондықтан болар, сахнада еркін, кең диапазонды шығармаларды айтып жатыр. Жарайсыңдар деймін! Бірақ байқауда бір күдік тудыратыны – қазылар алқасы әр үміткер сахнада өнер көрсеткеннен кейін, оларға берген бағасын көптің көз алдында көтеріп жатқан жоқ. Яғни, төрешілердің қойған бағасы бізге жасырын. Әділ өтті дегенге күмәнім бар».

Осылайша залдағы ағайын үміткерлерге ұпайдың жасырын қойылғанына наразылық білдірді. Ал 5 адамнан құралған қазылар алқасының құрамында мәдениет министрлігінің өкілі де болды. Төреші топтың айтуынша, биыл қатысушылардың дайындық деңгейі былтырғымен салыстырғанда анағұрлым жоғары, сондықтан бағалауды жабық түрде өткізуді жөн көріпті.

"Ара

Нұрболат Ахметжанов, Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің өкілі: «Қазір баршаның көзінше біз ұпай бағаларын қойсақ, көрермен біздің пікірімізбен келіспеуі мүмкін. Себебі, анау пәленшенің көршісі, тағы бір төреші оның ағайыны, сондықтан жоғары балл қойылып жатыр деген сияқты сөз-әңгіме өрбуі мүмкін. Сол себепті біз бағаны осылай қойып, жүлдені талқылау барысында бөлуді дұрыс көрдік. Ал қатысушылардың ойына, бойына, ақылы, дауыс диапазондары, сахналық киімдері –  барлығына назар аудардық. Ең бастысы, байқау әділ өтті деген сенімдемін».

835

Сонымен, облыстық»Арай-2015″ байқауының эстрада әншілері бөлімі бойынша бас жүлдесі шардаралық Айзада Әлімбек жеңіп алса, кеш жүргізушілер арасында Созақтың сұлуы Сымбат Орынтай өз өнерімен озып шықты.

Бірінші орыннан шымкенттік Өсербай Бөріханов (эстрада әншісі) пен Түркістанның таланты Айдар Шарапов көрінді.