Шымкентте «КиноАРТ-2015» фестивалінің үздіктері анықталды

Әуесқой кинорежиссерлар арасында өткен «КиноАРТ-2015» фестивалі өз мәресіне жетті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған кинофестиваль қорытындысы бойынша үздік режиссер мен үздік оператор, үздік монтаждаушылар белгілі болды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=GNejGirRPBc[/youtube]

Болашақта өмірін кино саласымен байланыстырғысы келетін Жансейт Игеннің бұл сынға алғаш қатысуы. 7 минуттық туынды идеясының авторы да, режиссері де өзі.

Ұлының жасаған ағаттығын кешірмей, қол көтерген әкенің қателігі. Қос аяғынан айрылған бүлдіршіннің көз жасы. Өмірде жасаған кішкентай қателіктің соңы қайғылы жағдайға ұшырататынын көрсетіп, көпке ой салғысы келген үміткердің үміті зор. Тәжірибе жинақтап, өзімді осындай байқауларды шыңдасам дейді.

Екінші рет өткізілген кинофестивальге алғашында 17 қатысушы өтініш білдірсе, ақтық сында 11 әуесқой жас режиссерлер бағын сынады. Таңдаған тақырып та сан алуан. Комедиялық жанрлармен қатар трагедиялық оқиғалар желісі арқау болған кинолар да түсіріпті жастар. Қойылған талап та жоғары. Осымен екінші жыл тамашалауға келген әртіс Еркін  Шымырқұлов былтырмен салыстырғанда үміткерлерде даму мен өсу бар дейді.

Еркін Шымырқұлов, театр әртісі: «Былтыр да фестивальге көрермен ретінде қатыстым. Биыл да тамашаладым. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырмен салыстырғанда тақырып таңдау, актерлік шеберлік бойынша, шешімдерді дұрыс қойып, сапа жағына де ерекше мән бергені байқалады. Дайындықтары жақсы. Мұндай байқауларды жиі өткізіп тұру керек. Өйткені жас режиссерлар түрлі байқауларға қатысқанда ғана тәжірибе жинақтайды, өседі, қатемен жұмыс жасайды».

Сонымен, «КиноАРТ-2015» фестивалінің жеңімпазы белгілі болды. Нұрсұлтан Әділханов –  үздік режиссер деп танылды. Ұйымдастырушы Еркебұлан Жолдасовтың айтуынша, енді жеңімпаздардың туындысын өзге де республикалық, халықаралық жарыстарға қатыстыру жоспарлануда.