«Қазақстан халқы Ассамблеясы — 20 игілікті іс» республикалық эстафетасының бас символы тайқазан Түркістаннан Астанаға жол тартты. Оны ұлықтау рәсіміне бірлігі мен ынтымағы жарасқан Оңтүстіктің халқы жиналды.
Яссауи кесенесінің алдында өткен сахналық қойылымда елді басқарған Абылай хан мен билер, өңірді мекендеген жүздеген этномәдени орталық өкілдері салтанат құрды. Түбі бір түркі жұртының рухани астанасы саналған Түркістан қаласында «Қазақстан халқы Ассамблеясы — 20 игілікті іс» республикалық эстафетасының бас символы болған тайқазанды ұлықтау рәсімі өтті. Мұнда жиналған зиялы қауым өкілдері депутаттар мен этномәдени орталық басшылары мен қарапайым жұрт елімізде ынтымақ пен бірлік болсын деп тіледі.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде орнатылған тайқазанды ортаға алып шығу рәсімі театрландырылған қойылыммен басталды. Өңірде қазіргі таңда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Барлығы бір шаңырақ астынан орын берген Қазақ елін ортақ Отаным деп біледі. Ассамблеяны ұлт бірлігінің бастауы деп танитын оңтүстік жұрты тайқазанның сол бірлікті одан әрі қарай нығайтатынына сенімді.
Тайқазанның айналасында ел тарихында орын алған оқиғалар мен ішкі бірлікті сақтауға қатысты шешімдер қабылданған. «Сондықтан тайқазан Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы басталар тұста республикалық эстафетаның бас белгісі ретінде таңдалды», — дейді шараны ұйымдастырушылар.
Республикалық эстафетаның бас символы болған тайқазан үлгісі Астанадан бастап облысымыздың барлық өңірлерін аралап шығады. Шара аясында көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, ұлттың бірлігі ұлықталады. Ізгі істерге толы бастама елордада қорытындыланады. Жұртты бірлікке шақырған тайқазан сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Елбасына тапсырылмақ.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі