Биыл Ұлы Жеңіс мерекесіне — 70 жыл. Оңтүстікте тарихи датаға орай шарапаты мол шаралар қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Жастар жағы да «Ерлікке тағзым» акциясын бастап кетті.
Алдағы жүз күн ішінде жастар жалғызбасты ардагерлердің үйін аралайды. Көмек қолын созады. Біз де осы акцияның алғашқы күніне қатысып, жауынгер қариялардың жағдайымен танысып қайттық.
Белсенді жастар аяқ алысын тездетіп, мақтана басты. Бейбіт өмір сыйлаған ардагердің үйіне асығып келеді. Олар алдымен Ұлы Отан соғысының ардагері Евгений Паномаревтың үйіне бұрылды.
Жауынгердің жағдайымен танысқан топ үй шаруасына көмектесуді де ұмытпады. Ал жалғызілікті қарт бүгінде төсекке таңылған. Күн сайын әлеуметтік қызметкер оны тамақтандырып, жағдайын жасайды. Жасы тоқсанға таяған ардагер жалғаннан күдерін үзбейді.
Евгений Паномарев, ҰОС ардагері: «Мен өзімнің сауығып, Жеңіс мерекесін елмен бірге тойлайтыныма сенем! Қазір де денсаулығым үшін күресіп жатырмын. Мені іздеп келген жастарға ризамын, оларды тек әділ, шынайы болуға шақырамын. Сонда ғана мемлекетіміз көшбасшы болады! Өзім 17 жасымда соғысқа аттандым, елді қорғадым, жерді қорғадым, мен бақытты адаммын!»
Вера Пашутина — Екінші Украина майданында шайқасқан. Небәрі 19 жасында еді. Ардагер жағдайын сұрай келген жастарды жанына отырғызып, басынан өткергенін ағынан жарыла айтып берді.
Вера Пашутина, ҰОС ардагері: «Соғысқа өз еркіммен бардым. Қолыма қару асындым, салмағы да ауыр еді. Қарумен талай жауды оққа ұшырдым. Бірақ талай қарулас достарым да көз алдымда қаза тапты. Түні бойы ұйқы көрмей, жауға қарсы тұрып, тапсырмаларды орындайтынбыз. Соғыстан келген соң ұзақ жылдар мұғалім болдым, еңбектендім. Бүгінгі арманым — жастар жалқау болмай, еліміз жасай берсін!»
Жастар жауынгердің жанарында тұнған майдан жарасын көрді. Жүз күндік игі шара аясында олар қарттардың үйіндегі шаруаларды атқарды. Бұл олардың ардагерлерге деген риясыз құрметін көрсетсе керек.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=JRYpNgClcq0[/youtube]
Ердәулет Ендібай, студент: «Біз бүгін ардагерлерінің үйін тазалап, ауладағы қарды күреп жүрміз. Мұнда шаруаларды атқару менің парызым деп білемін. Алдағы уақытта да осында келіп, қажетті көмегімді беремін».
Шарапты мол шара Жеңіс күніне дейін жалғасады. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 195 ардагер бар. Оның 15-і — жалғызілікті қария.