Жетісайлық кәсіпкер соғыс ардагерлеріне көлік сыйлады

582

Мақтааралдық кәсіпкер Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне ерекше сый-құрмет жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған салтанатты шарада Жетісайлық кәсіпкер ҰОС ардагері Уәлихан Шойымбековке жаңа «ВАЗ 2114» жеңіл автокөлігін сыйға тартты. Бұл туралы «Вnews.kz» порталы жазады.

Қан майданда Жеңіс сыйлаған қарияларымызға құрмет көрсетуіміз керек деген жеке кәсіпкер Мәлік Оразбеков Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай 8 ардагерге автокөлік сыйға тартпақ. Кәсіпкердің айтуынша, биылғы 14 наурызда Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 300 адамның басын қосып ас береді.

«Сол аста Ұлы Отан соғысының 7 ардагеріне автокөлік сыйлаймын. Ал сегізінші автокөлікті жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерекесінде Ұлы Отан соғысының ардагеріне сыйға тарттым» дейді жомарт азамат.

Кәсіпкер Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне автокөлік сыйлау туралы өткен жылдың қыркүйек айында уәде бергенін, сол уәдесін орындаудың сәті биылғы наурыз айында түсіп тұрғанын жеткізді.

«Атам Әшірбек Айбеков соғысқа барып, оралмаған. Сол атам сияқты Отанына оралмай қалған қаншама адам бар? Міне, сол оралмай қалған ардагерлерді құрметтеп ас берсем, бүгінде көз алдымызда тірі жүргендерге автокөлік сыйлау парызым деп білемін» дейді Мәлік Оразбеков.