Шымкентке қыс қайта оралғандай. Жерлестеріміз көктеммен енді ғана қауышқанда қар жауды. Күннің суытатыны туралы синоптиктер алдын ала хабарлағанымен, коммуналды сала мамандары да, тұрғындар да оған мән беріп, сенбеген сыңайлы. Ол аз дегендей, бірқатар пәтерлерде жылу температурасы да тым төмендеп кетті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=cq170-bqT_A[/youtube]
9 наурыз күні кешқұрым жауған жауынның соңы қарға ұласты. Бір түннің ішінде ақ ұлпаның қалыңдығы 20 сантиметрге жетіп қалды.
Синоптиктердің мәліметінше, облыс орталығында ауа райы бірден -2 градусқа төмендеген. Түнде -4- 6 градус аяз болады деп күтілуде. «Қазгидромет» мамандары биылғы наурыз айы жылдағымен салыстырғанда анағұрлым салқын болатынын мәлімдеді.
Мақсат Төленгітов, синоптик-инженері: «Қар жауу құбылысы сақталып, ауа температурасы түнде — 5, кей жерлерде -8-13 градус суықты көрсетеді. Ал 12-13 наурыз күндері аралығында ауа температурасы қайта жылиды. Бірақ 14-17 наурыз аралығында солтүстік-батыстан келетін салқын ауаның салдарынан күн қайта салқындап, таулы аудандарда қар жауады деп күтілуде.»
Ал осы кезде жылу-энерго орталығы көпқабатты үйлерге берілетін жылудың температурасын көтерді. Мамандардың айтуынша, айдың алғашқы күндерінде өңіріміздегі ауа көрсеткіші 15 градусқа жоғарылағанына байланысты жылу қысымы азайтылыпты. Енді жылу құбырларын өзге отынмен жылытуға тура келіп отыр.
Шолпан Нысанбекова, «ЖЭО-3» АҚ баспасөз хатшысы: «Жылуды 60 градусқа дейін түсірген едік, бүгін 75 градус болады. Түстен кейін барлық пәтерлерде жылу болады. Қазіргі уақытта біз мазутқа көштік, өйткені табиғи газ бізде шектеулі.»
Аязды күндер Шымкентте наурыздың соңғы күндеріне дейін сақталуы мүмкін. Айдың екінші жартысында да қалың қар жаууы мүмкін деп күтілуде.