Оңтүстіктің ең үздік шаштаразы анықталды

Елімізде алғаш рет техникалық және кәсіптік білім мекемелері студенттерінің арасында «Ең үздік шаштараз – 2015» облыстық байқауы өтті. «Мирас» колледжінің ғимаратындағы байқауға қатысқан 7 студент теориялық, тәжірибелік, шығармашылық тапсырмаларды орындаудан сынға түсті.

Алғашты турда әр үміткер өз портфолияларын таныстырды. Байқауда сән үлгілерін жасауда қажет түрлі материалдарды, құрал-жабдықтарды пайдалануға, түстерді, шашты үтіктеуге арналған құралдарды пайдалануға рұқсат етілді.

Байқауға қатысушылар 90 минут ішінде шашты сәндеп, қырқып, қысқартуы тиіс болды. Ал үшінші тапсырма кезінде ұзын шашқа арналған шаш үлгілері мен тойға арналған үлгілерді жасады. Ең қиын әрі жауапты жұмыс – тойға арналған шаш үлгілерін жасау болды. Болашақ шаштараздар осы тұста кәсіби шеберліктерін, шығармашылық ерекшеліктерін көрсетіп қалуға тырысы бақты.

Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың жұмыстарын олардың орындау техникасына, белгіленген бейнеге сәйкестігіне, қиындық және шығармашылық деңгейіне және өзгешелігіне қарай бағалап, үздіктерді анықтады. Сонымен «Ең үздік шаштараз – 2015» облыстық байқауының бас жүлдесін – Шахло Ибрагимова, бірінші орынды Бекбау Балзия жеіп алды. Ал екінші және үшінші орындар Анна Худоерко мен Луиза Раходжановаға бұйырды. Айта өтейік, жеңімпаз сәуір айында Астанада өтетін республикалық байқауға қатысады.