Құрылыс бөлімінің маманы: «Биыл апатты үш мектептің мәселесі шешіледі»

411

Біздің студиямызда қонақта – Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлзинат Бекзатқызы. Студия қонағымен шаһардағы апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқитын білім ұялары жөнінде әңгіме қозғалды.

– Студиямызға қош келдіңіз, Гүлзинат! Өңір бойынша апатты мектептердің саны 46 екен. Ал Шымкентте апатты деп танылған қанша білім ордасы бар?

– 2014-2015 жылдар аралығында Шымкент қаласында алты апатты жағдайдағы мектеп бар. Жеке тоқтайтын болсақ: №1, №12, №21, №34 , №36 және №118 мектептер апатты деп танылған.

-Жоспарға сәйкес, апатты жағдайдағы мектепге құрылыс жұмыстары қашан жүргізіледі?

– А.С Пушкин атындағы №1 мектептің және Мукими атындағы №21 білім ұясының проблемасы биылдың басында шешілді. Ал №12, №36 және №118 мектептерде құрылыс жұмыстары жүруде. Мұндағы құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін аяқталмақ.

– Үш ауысымда оқитын мектептердің проблемасы қашан шешімін табады?

– Үш ауысымда оқитын мектептер саны – тоғыз. Барлығы қосымша ғимаратқа зәру. 2015 жылдың еншісінде бірқатарының мәселесі шешілуі тиіс.

-Үш ауысымды мектептердің бірі – Қайнарбұлақ саяжайындағы №83 мектеп. Мұндағы проблема қанша жылдан бері шешілмей келеді. Жерге қатысты дау да бар дейді. Бұл туралы не айтасыз?

– №83 мектепке 600 орындық қосымша оқу корпусы салынған. Алайда қосымша құрылыстың өзі проблеманы шешпеді. Өйткені, мұнда бала саны көп. Қазір 1200 орынды мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бәрі әзір болған соң шешімін табатын болады. Әзірге қай уақытта екені белгісіз.

Көрермен сұрағына кезек берсек. «Достық» шағынауданындағы №69 мектепте балалар үш ауысымда сабақ оқиды. Мектептің іргетасы қаланғанмен, құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Әсіресе қыстың кезінде мектепке бару балаларымыз үшін қиын болуда.

-2014 жылы 1200 орынды мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Қазір мемлекеттік сараптаманың қаралауында жатыр. 2015 жылдың мамыр айында мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жоспарланып отыр. Содан кейін оң қолдау тапқан жағдайда құрылыс басталады.

Көрермен сұрағы. «Ынтымақ» шағынауданына мектеп салынады деген еді. Қашан салынады?

– Ынтымақ елдімекеніне 2014 жылы қосымша спорт залының ғимараты салынған. 2014 жылы 900 орынды мектепке жоба жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. 2015 жылы құрылыс жұмыстарына 650 млн теңге қаралып, қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Бір айдың көлемінде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компания анықталған соң міндетті түрде мектеп салынады.

Көрермен сұрағы. Құрсай шағынауданының жоғарғы жағына мектеп салына ма?

– 2014 жылы 900 орынды мектеп салынған, жаңа мектеп салу әзірге жоспарда жоқ. Бірақ қажеттіліктер пайда болса, алдағы уақытта жоспарға енгіземіз. Бұл жұмыс бала санына тікелей байланысты.

– 2017 жылдың соңына дейін апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасы жоспарға сәйкес толығымен шешілуі тиіс. Бұл мүмкін бе?

-Шымкент қаласы бойынша үш мектептің құжатын биыл тапсырсақ, бұл проблемалардың барлығы толығымен шешіледі. Яғни, 2015 жылдың еншісінде барлығының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстары жүргізіледі.

– Білім ұяларының проблемалары толығымен шешіліп, оқушылар жақсы жағдайда білім алып жатса игі. Біз соған тілектеспіз. Студиямызға келіп сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Лаура Мамырова