Бас жүлдеге автокөлік тігілген «Театр көктемі – 2015» фестивалі басталды

455

Үздік театр темір тұлпарды тізгіндейді. Бұл жөнінде «Театр көктемі – 2015» облыстық фестивалінің ашылу салтанатында мәлім болды. Мәдени сайысқа жергілікті 9 бірдей кәсіби ұжым қатысып отыр. Биыл бесінші рет қолға алынған шара Ұлы Жеңістің – 70, Қазақ хандығының – 550 жылдығы құрметіне арналған.

001

Мерекелік гүл-шоқтар, марапаттарды мақтана жеткізу, көрерменнің құрмет-ықыласы. Мұндай қуанышты әсерді қызыл кілеммен жүріп өткен өнер иелері сезінді. Академиялық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры биыл алғаш рет жаңа ғимаратта мәдени шараны құрметпен қабыл алды. Осылай сәл-салтанатымен басталған «Театр көктемі – 2015» облыстық фестиваліне жергілікті тек кәсіби ұжымдар жолдама алған.

002

Икрамжан Хашимжанов, облыстық өзбек-драма театрының директоры: «Біздің әсеріміз ерекше, қызыл кілеммен жүріп өткенде біз  жарты миллионға жуық өзбек ұлты өкілдерінің сенімін арқалап өткендей болдық.  Елбасымыз арнайы ашып берген театрдың абыройын, беделін тағы да жоғары көтергендей сезімге бөлендік. Біздің облыстық өзбек драма-театры белгілі драматург Байғали Есенәлиевтың «Мұхаммед Хайдар Дулати» атты спекталін сахналауға қызу дайындық үстінде. Бұл қойылымды таңдаған себебіміз де бар. Ұлтаралық татулықты нығайту, қазақ пен өзбек ұлты арасындағы мызғымас достықты көрсету  – мақсатамыз! Анығырақ айтсам, Мұхамммед Хайдар Дулати – Бабурдың бөлесі.»

005

Төле би, қазақтың төбе биінің ел басқарудағы әділдігі, оның халыққа айтқан әрбір уәжі де фестиваль аясында қайта жаңғырды. Көрмен «Қарлығаш әулие – Төле би» қойылымын тамашалап, бидің заңғар жолына тағы да куә болды. Академиялық Ж.Шанин атындағы театр ұжымы Мархабат Байғұттың тарихи драмалық спектаклін фестивальде мақтана ұсынды. Көрермендер залында ине шаншырлық бос орын болған жоқ. Әртістердің кәсіби шеберлігін көрермен тарапы мен әріптестерді қоспағанда қазылар алқасы да таразылап отыр.

003

Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театырының директоры, қазылар алқасының төрағасы: «Театр өнері – бұл киелі өнер, ол өнердің ішінде драматургия, әдебиет те, актерлік шеберлік те, музыка да, суреткерлік өнер де бар, барлығының басы біріктіріліп, спектакль деген туынды туады. Сол туындының кәсіптік деңгейіне назар айдарып, бағалайтын боламыз.»

004

«Театр көктемі – 2015» облыстық фестивалі аясында облысымыздың 9 бірдей театры 3 күн бойы Ұлы Жеңістің – 70, Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне арналған қойылымдарын сахналайтын болады. Жеңімпаз ұжымға темір тұлпардың тізігіні тапсырылмақ.