«Мәңгілік ел – мұратымыз» фестивалінде жаңа әндердің тұсауы кесілді

295

«Мәңгілік ел – мұратымыз!» Облыстық Түркістан сарайында осындай тақырыпта өнер фестивалі өтті. Мәдени шара аясында кеш қонақтары патриоттық әндер орындады. Көпшілік тұщымды танымал әндерден бөлек жаңа туындыларды да тыңдап қайтты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6fznDKmvb-0[/youtube]

Айдос Әлқуат – Созақ ауданынан келген өнерпаз. Бүгінде аудандық мәдениет үйіндегі сазды ұжымда сүйемелдеуші қызметін атқарады. Фестиваль қатысушысы сахнаға алғашқылардың бірі болып көтеріліп, Ибрагим Ескендірдің «Аманат» әнін асқақтата шырқады.

Айдос Әлқуат
Айдос Әлқуат

Айдос Әлқуат: «Шынымды айтсам, Түркістан сарайының сахнасына алғаш рет шықтым, сондықтан болса керек, үлкен қобалжуды сезіндім. Бірақ өзімнің Отаныма, еліме деген жүрек түкпірінде жатқан құрметімді әнмен жеткіздім деп білемін. «Аманат» әнін орындаған кезде көз алдыма Қазақтың сайын даласы, халқымыздың батырлары, Желтоқсан оқиғасындағы жас өрендердің ерлігі елестеді. Үлкен әсерді сезіндім!»

«Мәңгілік ел – мұратымыз» фестиваліне аудан-қалалардан 100-ге тарта өнерпаз шақырылған. Олардың көбі – түрлі дүбірлі байқаулардың лауреаттары. Қатысушылар мәдени шарада тек патриоттық әндерді шырқады. Туындыны жекелей емес, топ болып орындағандар да болды. Бұл – елге деген риясыз сүйіспеншілігіміз дейді өздері. Бірақ кеш мұнымен ғана ерекшеленген жоқ.

8002

Ғалия Шарафиева, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы: «Негізі, фестивальге тек танымал орындаушылар емес, ауыл-аймақтардан келгендер де қатысты. Бірақ оларға қойылған талап та жоғары болды. Мәселен, осы шараға қатысуға ниет білдіргендер арасында үлкен іріктеу өткіздік, арасынан тек үздік болып танылғандар ғана кеште өнер көрсетіп жатыр. Бұдан бөлек фестивальде патриоттық әндерді қоспағанда композиторлардың бұрын-соңды айтылмаған әндерінің тұсауы кесілуде. Енді жаңа шығармалар да бастама аясында насихатталады.»

7097

Айта кетейік, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, көпшілікке жаңа еңбектерді таныстыратын фестиваль Астанада жалғасын таппақ. Оған өңіріміздің белсенді өнерпаздары жолдама алады.