Шымкент саябақтарында тегін Wi-Fi қайтадан қосылды

403

Шымкенттіктер, соның ішінде жастар қауымы үшін жағымды жаңалық. Қаладағы саябақтар мен гүлзарларда Wi-Fi интернет желісі қайта іске қосылды. Былтырдан бері қолға алынған бастама жастардың қызығушылығын арттырып отыр. Биылғы жаңалық сол- желіге қосылған әрбір құрылғы тіркеуге алынып, қатаң қадағаланады.

Орталық саябаққа жиналған жастар бірінші болып, вай-файдың жылдамдығын тексерді. Оның қуаттылығы неғұрлы мықты болса, келушілердің саны да артады дейді олар. Сымсыз жүйенің рахатын білетіндер өздеріне жағдай жасап, тегін Wi-Fi орнатып отырған билікке алғыстарын білдірді.

Дана Байдулла, студент: «Саябаққа келіп, өзімізге керекті файлдарды көшіріп алуға қолайлы. Мойындау керек, мұндай жағдай көбінің үйінде жоқ. Биліктегі ел ағаларына рахмет. Шымкент – жастардың қаласы. Бұл – керек дүние».

Лимитсіз жүйені жүзеге асыру үшін жергілікті қазына есебінен 3 млн теңге жұмсалыпты. Мұндай сымсыз жүйе қаладағы Абай, Жеңіс, Тәуелсіздік, Орталық саябақтарда және Жастар мен Нұрсат гүлзарында жұмыс істейді. Сәуірде қосылған тегін Wi-Fi желтоқсан айына дейін жастардың пайдалануына беріледі. Интернет жүйесі сағат таңғы тоғыздан түнгі 11-ге дейін жұмыс істейді. Бұл түнгі уақытта саябақ кезіп, таңға дейін ғаламторды күзететіндердің жолын кесу үшін керек дейді мамандар.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=TIVvZLT0w-s[/youtube]

Абзалбек Үбелтаев, «Шымкент жастары» мекемесінің директоры: «Былтыр жүргізген мониторниг бойынша күніне 2800 адам тегін интернет жүйесін пайдаланған. Көшірілген кино мен әуендерді санамағанда тәулігіне 55-55 гигабайт салмақтағы файлдар көшірілген. Ия, мойындаймыз, егер қолданушылардың саны күрт көбейіп кетсе, жылдамдық сыр береді. Айына бір рет профилактикалық жұмыс жүргіземіз».

Осылайша лимитсіз жүйенің жылдамдығы мен тұтынушылар бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп отырылады. Ал биыл жастардың тәрбиесіне кері әсер ететін 700 сайтқа кіруіне шектеу қойылған. Нақтырақ айтқанда, еліміздің заң талаптарына қайшы құқық бұзушылыққа жол беретін, діни экстремизмді насихаттайтын сайттарға кіруге жол жоқ.

Сондай-ақ, жүйенің қызметіне жүгінген әрбір құрылғы тіркеуге алынып, қадағаланатын болыпты. Айта кетейік, іске қосылған жүйе 20 Мбит/секунд жылдамдықта жұмыс істейді.