Шымкенттік тоғызқұмалақшылар жүлдемен оралды

536

13-17 сәуір аралығында Алматы қаласында тоғызқұмалақтан ІІІ әлем чемпионаты өтті. Спорттық шараны дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, еліміздің мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.

Аталған додаға әлемнің 23 елінен 50-ден астам спортшы қатысты. Олар тоғызқұмалақтың классика, рапид, блиц түрлері бойынша сынға түсті. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған дүниежүзілік сайыста Қазақстан құрамасының спортшылары жалпыкомандалыық есепте 6 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль олжалады. Оның ішінде 4 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған ОҚО спортшыларының жеңіске қосқан үлесі зор.

006

Шымкенттік өрендердің жетістігіне тоқталсақ, қыздар арасында классикалық және рапид сайыстарында Әсел Дәлиева барлық қарсыластарын ұтып, екі алтын медаль жеңіп алды. Ол шапшаң ойнау сайысында күмісті қоржынға салды. Атап өту керек, Әсел классикалық сайыста осымен үшінші рет әлем чемпионы атанып отыр.

Ал блиц ойында Оңтүстіктің тағы бір мақтанышы Салтанат Сапарбекова өз мықтылығын байқатып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Сондай-ақ, Салтанат классикалық сайыста да бақ сынап, қола медаль иемденді.

Ерлер арасындағы шапшаң ойнау сайысында жерлесіміз Серік Ақтаев та жүрісінен жаңылған жоқ. Серік бұл сында тәжірибелі ойыншы екенін көрсетіп, алтын медальды қоржынға салды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елімізде зияткерлік ойынмен шұғылданушылардың саны 100 мыңнан асады. Қазақтың ұлттық ойыны бойынша халықаралық жарыстар Германия, Ұлыбритания, Ресей, Швейцария, Чехия, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Антигуа және Барбуда, сондай-ақ, тағы басқа шетелдерде тұрақты түрде өткізіліп келеді.

«Шымкент келбеті»