Әкесінің соғысқа қатысқанын дәлелдеді

370

Редакциямызға келген тұрақты оқырманымыз Әбдуәлі Разметовтың қуанышында шек жоқ. Ол «Оңтүстік Рабат» газетінің көмегімен және өзінің табандылығының нәтижесінде әкесінің соғысқа қатысқанын дәлелдегенін айтып, тілшілерге ризашылығын білдіру үшін арнайы келіпті. Айтуынша, әкесінің майдан даласына аттанғанын айтып, деректер мен дәйектерін ұсынған.

Әбдуәлі Разметов
Әбдуәлі Разметов
Гани Разметов
Ғани Разметов
Гани Разметовтың майдандас досы Нұралы Нұрмаханов
Ғани Разметовтың майдандас досы Нұралы Нұрмаханов

Әбдуәлі Разметов әкесінің аты-жөнін «Даңқ» мемориалындағы ардагерлер тізіміне енгізуді сұранып, талай табалдырықты тоздырған. Алайда нәтиже болмапты.

Амалы таусылған ол әділдікті журналистерден іздеуді жөн санап, біздің редакцияға келеді. «Бізге ештеңе керек емес. Тек әкеміздің аты-жөні мемориал тақтасына қашалып жазылса болғаны» деп әңгімесін бастаған оқырманның тілегі орынды-ақ.

Әкесінің майдан даласына аттанғанын, соғысқа қатысқаны туралы бірнеше дәйек келтірген Разметовтың талап-тілегі газетіміздің №45 (5.11.2014 ж) нөмірінде» Соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай жүр» атты мақаламен жарыққа шықты.

– Сіздерге мың алғыс. Бұған дейін талай рет әскери комиссариатқа барғанымда олар «Біз барлық тізімді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына өткізгенбіз. Сонда барыңыз» деп сілтейтін. Ол жақтағылар қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашалық бөліміне жіберетін. Ал ол жаққа барсам, қайтадан әскери комиссариатқа сілтейді. Сөйтіп, 5 жылдан бері осы үш мекеменің ортасын тоздырып жүрдім,- дейді Әбдуәлі Разметов.

Разметовтың айтуынша, газеттегі мақаланы әскери комиссариатқа алып барған күні 5 жылдан бері шешемін таппай жүрген мәселе 30 минутта өз шешімін тапты. Ондағы мамандар бұл азаматтың қолына 2010 жылы жасалған тізімді береді. Сол тізімде әкесінің аты-жөні тайға таңба басқандай көрініп тұр.

IMG_6590

2015 жыл. Жаңартылған тізім
2015 жыл. Жаңартылған тізім

Алайда қандай себептермен ардагердің аты мемориал тақтадағы тізімге енгізілмей қалғанын ешкім түсіндірмепті.

Дегенмен, әділдік іздеген Әбдуәлі әкесінің соғысқа қатысқанын дәлелдей отырып, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында әкесінің аты-жөнін Абай саябағындағы мемориал тақтаға енгізуге қол жеткізді.