Б.Сапарбаев: «Оңтүстіктің әлеуеті артқаны қуантады»

439

Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстікке жұмыс сапарымен келді. Әлеуеттің әлеуметтік жағдайымен танысты. Бұрынғы әкімнің көзіне күнгейдің көркейгені ыстық басылыпты.

Мұны жоғары мәртебелі қонақ білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласы өкілдерімен кездесу барысында айтты. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Қазына» этно-тарихи кешенін тамашалады.

Премьер-министрдің орынбасары бірінші болып қалалық № 1 балалар ауруханасының жұмысымен танысты. 270 орынды денсаулық сақтау нысанында 15 жасқа дейінгі 10 мыңнан астам жеткіншек емделе алады.

Мұндағы дәрігерлермен кездесіп, аурухананың жабдықталуын өз көзімен көріп шыққан Бердібек Мәшбекұлы, әсіресе, ота жасау бөлімдеріне көптеп назар аударды. Нысанды жіті аралап болған соң өңірдегі білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының өкілдерімен кездесті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының есебін тыңдады. Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарын талдады. Жедел-жәрдем қызметі бойынша арыз-шағымның толастамай отырғанын алға тартты.

Бердібек Сапарбаев: «Өңірде жедел-жәрдем қызметі қандай? Шақыртуға жету уақытына назар аударыңыз. Мысалы, мен жедел жәрдем шақырсам, неше минутта келеді?»

Сейтжамал Пакеев, ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «18 минут. Осы уақыт аралығында жетіп жүр. Оны қадағалап отыратын диспетчерлер де бар».

Бердібек Сапарбаев: «Халықтың басым бөлігі жедел жәрдемге, емханалардағы кезекке, дәрі-дәрмекке көптеп шағымданады. Сіздер де бұл жағы қалай? Жолға қойылған ба?»

Сейтжамал Пакеев: «Бізде барлығы жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Мамандар тапшылығы да төмен. Жыл сайын оқытылатын мамандар саны 10 есеге өсті. Материалдық жабдықтау көрсеткіші 2,5 есеге өсті. Ана мен бала өлімі де төмендеген. Әлеуметтік маңызы бар аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші азайды.»

Ақордадан ат артып келгендердің қатарында білім және ғылым министрі және мәдениет министрі бар. Оларда өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысымен танысты. Өнерімен өзгелерге үлгі болған өңірде өнер ошақтарының көптеп бой көтеруін жақсылыққа балады.

Бердібек Сапарбаев: «Қаржылық дағдарысқа қарамай құрылыс қарқын алғаны қуантады. Біз өзге облыстарға көп барамыз, салыстырмалы түрде айтсақ, Оңтүстіктің әлеуеті жоғары. Кәсіпорын саны да көп.»

dsc_0097

Көкейіндегі сұраққа жауап алған басшылар қала аумағында соңғы болып ашылған «Қазына» этно-мәдени кешеніне барды. Мұндағы «Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументальды ескерткішті тамашалады. Саябақты аралап, кешеннің соңғы жұмыстарымен танысты. Жалпы аумағы 75 гектарды алып жатқан аумақта орналасқан тарихи-өлкетану мұражайына да бас сұқты.

Үкімет басшысының орынбасары қаладағы «Karlskrona LC AB» серіктестігі атқарып жатқан жұмыспен танысты. Бұл кәсіпорын – дискілі бұрылмалы бекітпелер мен сорғылар өндіретін бірден бір өндіріс орны. Жылына 6 мыңнан аса өнімді шығарып, отандық нарықты қамтып отыр.

Зауыттың өндірістік цехында еңбек қатынастары мәселелері талқыланды. Жиынға өңірдегі мемлекеттік мекемелердің басшылары мен отызға жуық ірі және орта кәсіпорындардың жетекшілері, кәсіподақ ұйымдары қатысты. Мұнда еңбек заңнамасының сақталуы,еңбек ақы төлеу барысы, еңбек даулары талқыланды.

Қонақтарды кәсіпорындардағы жалақы қарызы мен заңсыз қысқартулар мәселесі қызықтырды. Десе де, Оңтүстікте жалақы қарызы бар санаулы мекеме бар.