Биыл ауыл шаруашылығы өнімдері аз жиналуы мүмкін

619

Көктемгі қолайсыз ауа райы егіншілікке кері әсерін тигізгелі тұр. Ауыл шаруашылығы өнімдері биыл жылдағыдан аз жиналуы мүмкін. Есептік жиынын өткізген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қанатбек Оспанбеков осылай дейді.

Ерте көктемде табиғаттың тосын мінез танытуынан өңірдегі 6 мың гектарға егілген өскін көктей солды. 113 мың гектарға егілген күздік астықты да үсік шалыпты. Агротехнологиялық талаптар сақталғанда мұндай шығын болмас еді дейді мамандар. Оның үстіне биыл бау-бақша өнімдеріне тиесілі 16 мың гектардың небәрі 10 мың гектарынан ғана діттелген өнім көлемі жиналады деп күтілуде. Десе де, дер кезінде тиісті шаралардың қолға алынуынан астықтан қауіп төніп тұрған жоқ.

Сала басшысының сөзіне сенсек, ауыл шаруашылығының барлық бағытында өсім бар. Мәселен, жылыжай көлемі биыл 63 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі мың гектарға жуықтаған. Жылыжай бойынша облыстың республикадағы үлесі 86 пайызды құрап отыр. Бүгінге дейін шаруашылықтың бұл түрінен 85 мың тоннаға жуық өнім жиналыпты.

Дегенмен, аграрлы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы әлі де бет қаратпай тұр. Бұл ретте Қанатбек Оспанбеков тұтыну кооперативтерін қолға алу арқылы бағаны тұрақтандыруды ұсынып отыр.

Ал «Сыбаға » бағдарламасы бойынша 8 мыңға жуық ірі қара мал, «Асық ата» бағдарламасы бойынша 1300-ден астам ұсақ мал, «Құлан» бағдарламасы бойынша бір жарым мыңға жуық жылқы алынды. Жауаптылар осылайша мемлекеттік бағдарламаларды тиісті деңгейде еңсерген. Бұл бағыттағы жұмыстар қайта өңдеу кәсіпорындарының да ісін ілгерілетіп отыр.

Биыл дихандар судан таршылық көрмейтін болады. Арық-атыздардағы жағдайды реттеу арқылы бұл түйткілдің де түйіні тарқатылмақ. Осындай жүйелі тірліктің нәтижесінде каналдардағы жұмыстар су пайдалану көрсеткішін 75 пайыздан 95 пайызға арттырып отыр.

Десе де, ұйымдастыру жұмыстарының әлсіздігінен кейбір шаруалар мемлекеттік көмектен қағылып отырғаны жасырын емес. Бұл ретте бюрокартиялық кедергілер де кері әсерін тигізуде екен. Басқарма өкілдері ауыл шаруашылығын түлетуде қолды байлатын осындай олқылықтарды жою үшін министрлікке өз ұсыныстарын жолдапты.