Биыл М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-ді 848 түлек тәмамдады

950

Шымкентте жас мамандардың қатары көбейді. Маман тәрбиелеуде жоғары жетістікке жетіп жүрген М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын биыл 848 студент тәмамдап отыр. Жоғары білімін дәлелдейтін құжатқа ие болған түлектердің салтанатты шарасына біз де қатысып қайттық.

Жоғары білімін дәлелдейтін құжат. Жылдар бойы күткен жеңісті сәт. Ақ-тілек құттықтаулар мен марапаттаулар. Мұндай құрмет-ықыластың барлығы да М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының түлектеріне арналды. Жүздері бал-бұл жайнаған жастар арасында үздік дипломды еншілегендер де бар. Динара Анарбай сол үздіктер сапынан табылды.

Динара Анарбай, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ түлегі: «Қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазір керемет әсердемін. Үздік диплом алу үшін талмай-тынбай оқыдым. Сессия кезінде күн-күн демей емтиханға дайындалатын кездер де болды. Бірақ мұның барлығы енді артта қалды — диплом алдым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдадым. Қазір «Ұстаз» газеті жұмысқа шақырып жатыр, енді журналистика саласынды бағымды сынап көремін».

Осындай диплом бұл күні М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының 848 түлегіне табысталды. Солардың 13-і — үздік дипломның иегері. Мерекелік шарада шәкірт тәрбиелеп, республикалық, халықаралық сайыстарда жетістікке жеткен ұлағатты ұстаздардың еңбегі де ерекше ескеріліп айтылды. Оқу бағдарламасына дуальды оқыту жүйесін енізіп, оны жоғары деңгейде жүзеге асырып жүрген ұжым басшылығының сөзіне сенсек, институт түлектеріне сұраныс күн санап артып келеді.

Төлеген Мәмбетәлиев, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ жаратылыстану-педагогика факультетінің деканы: «Біздің бітіруші студенттер өзге де мекеме, кәсіпорындарға іс-тәжірибеден өтуге барады. Сол кезде жұмыс беруші тарап түлектерді өздеріне алып қалу үшін, қызметке шақырады. Міне, солай тұрақты жұмысқа қабылданады. Егер жұмыс таппаған жағдайда біздің оқу орнының басшылығы мейлінше көмектеседі, оның түйіндемелерін белгілі кәсіпорындарға апарып, іс-тәжірибеден өкізіп, жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді. Бұған қоса биылдан бастап бізде әскери кафедра ашылды. Енді оны тәмамдаған түлек бірден офицер шенін алып шығады».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DHdsYZ6q4ZI[/youtube]

Айта кетейік, бүгінде М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының ұжымы гуманитарлық, техникалық, педагогикалық, құқықтану сынды бағыттарда 15 мамандық бойынша біліп беріп келеді. 20 жылдық тарихы оқу орнының 4000-нан астам студенті бар.