Өңірде ветеринар маман тапшы. Сондықтан салаға жастарды тарту — маңызды. Ал жалпы, биыл 2 мыңнан аса жас маманға түрлі салада жұмыс істеуге жолдама беру жоспарланған. Егер олар міндетін тиісті деңгейде игере алса, тұрақты жұмысқа қалу мүмкіндігі қарастырылған. Қазірдің өзінде ұсынылған жолдама бойынша жұмысқа қабылданған мамандар бар.
«Жастар практикасы» бағдарламасы негізінде 2 мыңнан аса жас маман жұмыс істеуге жолдама алады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, ветеринария, денсаулық сақтау және фармацевтика саласы бар. Дәл осы мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі 23 жастағы Төрежан Түймебаев ветеринариялық бақылау инспекциясында жұмыс істейді. Міндеті — импорттық өнімдердің сапасын тексеріп, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау.
ТӨРЕЖАН ТҮЙМЕБАЕВ, ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Ауыл шаруашылық жануарларында көптеген аурулар бар. Олардың таралуын алдын алу, құжаттарын тексеру, қауіпсіздікті сақтау маған жүктелген міндет. Теория жөнінде оқыған бөлек, көзбен көріп жасаған бөлек».
Ветеринария саласында кадр тапшылығы байқалады. Оған жастарды тарту – маңызды. Мысалы, биыл ветеринариялық бақылау инспекциясының өзі 4 жас маманды жұмысқа қабылдаған.
Биыл кәсіптік колледж және жоғарғы оқу орнын бітірген 2 мың маманға жолдама беру жоспарланған. Бұл тек жастарға берілген мүмкіндік қана емес, жұмыссыздық деңгейін төмендеуіне сеп болады дейді мамандар.
АСЫЛБЕК ҚАБЫЛБЕК, ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: «1 жыл келісімшарт жасалады. Мемлекет тарапынан 30 АЕК айлық-жалақысы төленеді. Жастар практикасы өте танымал. Сұранысқа ие. Бұл жұмыс берушілерге де тиімді. Сол жерде жұмыс істетіп, айлығын мемлекет субсидиялап береді».
Ресми мәліметке қарағанда, өткен жылы «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 1787 жас маман жұмысқа орналасқан. Олардың басым бөлігі мекемелерде тұрақты жұмыс істеп қалған.
Дилара Иса






