Оңтүстік делегациясы Ұлыбританияда іс-сапармен болды

232

Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы Ұлыбританияда іс-сапармен болды. Бұл сапар Шымкент және Стивенейдж қалаларының арасында бауырластық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толуына орай және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында өткізілді.

001

Сапар барысында қазақстандық делегация мүшелері Стивенейдж қалалық кеңесінің төрайымы Шарон Тэйлормен, қала басшысы Скотт Крадгингтонмен және стратегиялық даму департаментінің директоры Мэттью Партриджбен кездесу өткізді.

Қазақстан делегациясы, сонымен бірге, Харфордшир графтығының бизнес-конференциясына қатысып, Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Бизнес-конференция барысында Харфордшир графтығының сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Йоланда Раггпен, UKTI-CATBIG төрағасы Питер Линдсеймен және британдық бірқатар компания өкілдерімен ынтымақтастықтың нақты жолдары талқыланды.

Қазақстандық делегацияның тәжірибесі Оңтүстік Қазақстан облысындағы технологиялық парктерді жетілдіруге қолдануға болатын «BioPark» даму және зерттеулер орталығына үлкен қызығушылық танытты. Орталықта ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізіп, экономиканың түрлі секторына инновациялық технологиялар жасаумен және енгізумен айналысатын әлемнің 50-ге тарта компаниясы жұмыс істейді.

Делегация, сонымен қатар, Харфордшир университетінің жаңа дәрі-дәрмек жасаумен және қолданумен шұғылданатын фармацевтикалық зертханасын аралап көрді. Келіссөздер барысында зертхана басшылығының Шымкент қаласына сапарын ұйымдастыру және «Сейітбек әулеті» ЖШС зертханашыларын Харфордшир университетінде тағылымдамадан өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жетті.

Сапар барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Делегация «Стивенейдж» футбол клубына және Харфордшир байдарка кешеніне барып, байдарка және каноэде ескек есуден 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Этьен Стоттпен кездесті.

10 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы Лондон қаласында болып, «United Kingdom Export and Finance», «United Kingdom Trade and Investment» агенттіктерінің өкілдерімен және британдық бірқатар компаниямен кездесулер өткізді. Сонымен бірге делегация Манчестер қаласына жасаған сапары кезінде қала басшылығымен кездесіп, бірқатар өнеркәсіп нысандарын аралады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі