Састөбеліктер көк түтінге тұншықпайтын болды

1582

Түлкібас ауданындағы Састөбе ауылының тұрғындары енді түтінге тұншықпайтын болды. Ауыл іргесіндегі цемент зауытының басшылығы жаңарту жұмыстарын жүргізіп, заманауи сүзгіш орнатты. Кәсіпорын мамандары бұдан былай экологиялық талаптарды қатаң қадағалаймыз деп отыр.

Састөбедегі зауыт Орта Азия елдеріндегі ақ цемент өндіретін жалғыз өндіріс орны саналады. Талай дағдарысты бастан өткерген өндіріс орны екі жылдан бері жаңа технологиямен жұмыс істеуге көшті. Отандық инвесторлар келгелі өнім сапасы артып, бағасы арзандай түскен.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=66Rn5AVCDi4[/youtube]

Бұдан бөлек экологиялық талапқа да қатаң көңіл бөліне бастаған. Бүгінде өндіріс орны құрал-жабдықтарын қайта жаңғыртып, экологиялық нормаларға сәйкес сүзгіш орнатты. Енді зиянды қалдықтар электронды сүзгінің көмегімен сыртқа шығарылмайды.

Талғат Сәдуақасов, «Sas-tobe Technologies» зауыттың директоры: «Кезінде шетелдің инвесторлары ескі сүзгіштер қойған еді. Оларға зауыттың болашағы қызықсыз боп, тек қана бүгінгі күнді ғана ойлап, ертеңгі күнді ойламап еді. Қазір біз сүзгіштерді өзгертіп, ішкі құрылымдарын ауыстырып, 40 миллион теңгеге сүзгіш алдық».

Бұл жаңалық ауыл тұрғындарын қуантып отыр. Себебі бұған дейін кәсіпорынның будақтаған түтіні ауаны ластап қана қоймай денсаулықтарына да кері әсер етіп келген.

Кеңесбай Досболов, ауыл тұрғыны: «Бұрын түтін шығып, бұрқырап, мазаны алатын. Шығыстан жел тұрғанда ауылды алып кететін. Қариялар болып, ауыл азаматтары болып, зауыттан сұранып, олар сүзгіш қойды. Қазір жақсы».

Зейнолла Дүйсенбеков, Састөбе ауылының тұрғыны: «Қараймын, түтін шықпайды. Зауыт тоқтап қалды ма деп ойласам, бүгін білдім, сүзгіш қойған екен дейді. Өтірігі жоқ, мен шын айтып жатырмын. Ауа тазарды. Зауыт та жұмыс жасап тұр».

Бұдан бөлек зауыттың екінші және үшінші пештеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Айта кетейік, 1952 жылы құрылған кәсіпорын жанынан 1967 жылы әк өндіретін цех, екі қазандық іске қосылған болатын. Құрылыс саласына қажетті материал шығаратын серіктестік бүгінде цементтің түрлі-түсті 7 түрін шығарады. Сапасы жоғары, сұранысқа ие өнімнің 40 пайызға жуығы шетелге экспортталуда. Бүгінде жылына 400 мыңнан астам тонна өнім өндіретін зауытта 550-ге жуық адам еңбек етеді.

Бақтияр Майсұпов, цех басшысы: «Бір жылдан асты – экологияға өте қатты көңіл бөлініп жатыр. Сүзгіш орнатылғалы бері өнім де көбейді. Экология тазарды. Шаңның 99,9 пайызын ұстайды. Қазір қатты қадағалануда. Күніне 24 сағат қарайтын жұмысшылар бөлінген».

Кәсіпорын басшылығы өндірісте экологиялық талаптарды сақтауды басты міндет санайды. Сондықтан болар, 2019 жылға дейін қоршаған ортаны қорғау, жергілікті тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында бірнеше тың экологиялық жобаларды қолға алып отыр.