«Шығыс Қазақстанда жұмыспен қамтылып, баспаналы болдым»

Азамат Кабидуллаев
Азамат Кабидуллаев

Өңірімізде екі қолға бір жұмыс таппай жүрген жастар көп. Базбірі дипломы бола тұра мамандығымен жұмыс таба алмаса, енді бірі – шарасыздықтан қылмыс жасауға дейін барады. Осы ретте мамандар мемлекет тарапынан қолға алынған «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасының аясында өзге облыстардан жұмыс табуға болатынын айтады. Яғни, бағдарламаға сәйкес, облыс тұрғындарының Шығыс, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне қоныс аударып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар. Мәселен, 2014 жылы облысымыздан бұл аймаққа көшуге 102 отбасы ниет білдірген болса, 8 отбасы қоныстанып үлгерген. Олардың қатарында жастар бар. 22 жастағы Азамат Кабидуллаев солардың бірі. Қазір Риддер қаласында жұмыс істейтін маман біздің басылымға сұхбат берді.

– Азамат, өзің оңтүстіктің тумасысың. Риддер қаласына сіңісуің қиынға соқпады ма?

– Негізі өзім бала кезден компьютерге қызықтым. Сол арманмен Шымкенттегі Манап Өтебаев атындағы Оңтүстік Қазақстан құқық және салалық технологиялар колледжіне оқуға түстім. Оқу орнын тәмамдағаннан соң көпке дейін өз мамандығыммен жұмыс таба алмай жүрдім. Себебі жұмыс берушілердің басым көпшілігі еңбек өтілің болуы керек деп талап етеді. Осы орайда туыстарым «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша басқа облыстарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар екенін айтты. Өзге аймақта қиын болатынын іштей сезсем де, барамын деп шешім қабылдадым. Сөйтіп Риддер қаласынан бір-ақ шықтым. Қазір жағдайым жаман емес. Бұл қалаға да үйреніп қалдым. Тұрақтағаныма да жеті айдың көлемі болып қалыпты.

– Қазір қай жерде жұмыс істейсің? Жалпы мұнда жас мамандарға тиісті жағдай қарастырылған ба?

– Мамандығым – ақпараттық бағдарламашы. Риддер қаласының әкімдігінде мамандығым бойынша жұмыс істеимін. Бір байқағаным бұл жақта маман тапшылығы қатты сезіледі. Еңбек еткісі келетін адамға бүкіл жағдай қарастырылған. Көңілімнен шығады.

– Баспана мәселесі қиындық туғызбай ма?

– Екі көпқабатты 60 пәтерден тұратын тұрғын үйдің кілті менімен бірге қоныс аударған оңтүстік өңірінен келген тұрғындарға табысталды. Барлығымыз жеке баспанаға ие болып, бір марқайып қалдық. Әрі осы уақыт аралығында бір шатыр астында тату-тәтті өмір кешудеміз. Көршілерім тегіс оңтүстіктен болған соң, өз үйімде жүргендеймін. Сондай-ақ, барлық тұрғындар осы қаладан жұмыс тауып, балаларын шағын орталықтар мен балабақшаларға орналастырып жатыр. Баспананы жалдау ақысына да бар болғаны ай сайын 2000 теңге төлеймін. Бұл кез-келген адамның қалтасына қонымды сомма.

– Бұл бағдарлама бойынша құжат рәсімдеу қиын болмады ма?

– Өз басым Шымкент қаласында бағдарлама аясында түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз орындалуда деп есептеймін. Өйткені құжатты реттеу қиынға соқты. Алайда Риддер қаласында бізге құжат рәсімдеу тіптен оңай болды. Мұндағы мамандар барлығын жіті түсіндіріп, рәсімдеуге көмектесті. Сондықтан Оңтүстіктегі аталған бағдарламаға жауапты мамандар осыны ескерсе деймін.

– Алдағы уақытта Риддер қаласында қалғың келе ме? Әлде Оңтүстікке оралу ойыңда бар ма?

– Шынымды айтсам, осы жақта қалсам деген жоспарым бар. Менің мұнда келгендегі басты мақсатым- ел көру, жер көру еді. Мұндағы ауа-райы тамаша екен. Адамдардың бір-бірімен сыйласытығы да ұнады. Сол себепті де Шығыс Қазақстанның тұрақты тұрғыны болып қалғым келеді. Келешекте осы өңірде үйленіп, отбасылы болсам деймін.

– Жұмыссыз жүрген жастарға айтар кеңесің…

– Жастардың бойында жігер бар. Сондықтан да, олар кез-келген жұмысқа қабілетті. Десек те, бүгінгі күні заман- дастарыма жұмыс табу өте қиынға соғып тұр. Осыған байланысты олардың қол қусырып отырмай, еліміздің басқа да аймақтарындағы ұсынылып жатқан жұмыстарға орналасқандары абзал. Бір жағынан жұмыс, екінші жағынан баспаналы болады. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмаған жөн.

– Әңгімеңе рахмет!

Айя Мүтәлі

«Оңтүстік Рабат», №25, 24.06.2015