Тіркеуге алынбайтын автокөліктер

Қазақстанда ЕАЭО елдерінен әкелінген қандай көліктердің тіркеуге алынбайтыны белгілі болды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

26 мамырдан бастап «Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойымен қозғалуға арналған автокөлік құралдарының рұқсат етілетін өлшемдерін бекіту туралы» бұйрығы күшіне енді. Басқа параметрлермен қоса бұйрыққа автокөлік құралдарының шығым нормативі «Euro-4» стандарына сәйкестігі, қауіпсіздіктің қосымша жүйелерінің, атап айтқанда жүргізушілердің қауіпсіздік жастықтарының, балаларға арналған автокреслоларды бекітілу құрылғыларының, күндізгі қозғалыстағы жарықтың және тежегіштердің антибұғаттау жүйесінің болуы жөнінде талаптар енгізілген. Енді Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінетін автокөлік құралдары осы бұйрық талаптарына сәйкес келмесе, олар Қазақстанда тіркеуге алынбайтын болды.

«26 мамырдан бастап бұл талаптарды (2017 жылғы1 қаңтардан бастап енгізілетін күндізгі қозғалыстағы жарықтың болуы жөніндегі талаптан өзгесі) ішкі істер органдарының қызметкерлері автокөлік құралдарын бастапқы тіркеу барысында бақылайтын болады», – делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кетейік, бұл талаптар Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде ескерілген. Алайда ол талаптар тек үшінші елдерден әкелінетін автокөлік құралдарына ғана қатысы бар болатын. Бұл бұйрықтың енгізілуіне байланысты олар Қазақстан аумағына Кеден одағына мүше елдерден әкелінетін автокөлік құралдарына да тікелей қатысты болды.

Жәнібек Нұрыш

«Оңтүстік Рабат», №21, 27.05.2015