Түркістан облысының полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәдениетін арттыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.
Осы тұста Сайрам ауданы полиция басқармасының қызметкерлері заманауи техникалық құрал – дронды пайдалану арқылы бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады.
Атап айтқанда жарық шамдарын жақпай көлік басқару және қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша 5 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркеліп, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Сонымен қатар Қарабұлақ ауылында көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра автокөлік басқарған жүргізуші анықталды. Аталған дерек бойынша әкімшілік шара көріліп, көлік айыптұраққа қойылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.







