31 шілде – «Серпін» бағдарламасына құжат қабылдаудың соңғы күні

596

31 шілде – республикалық «Серпін-2050» бағдарламасына құжаттарды қабылдаудың соңғы күні. Қолдағы мәлімет бойынша еліміздің бес облысындағы талапкерлерден 12 мың өтініш келіп түсіпті. Соның тең жартысын Оңтүстік Қазақстан облысының шәкірттері құрап отыр.

Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында «Серпін 2050» жобасын қорытындылаған үйлестіру кеңесінің мүшелері мәлімдеді. Айта кету керек, тек біздің облыстың талапкерлеріне конкурс арқылы 1200-ге жуық грант қарастырылып отыр. Оның кімге бұйырарын комиссия өкілдері шешетін болады. Жобаға іліккендер республикамыздың 8 облысында оқуға мүмкіндік алады.

Дегенмен, қазір талапкерлердің мамандық таңдау мәселесі бір-біріне өте ұқсас. Ал грант саны шектеулі. Есесіне, сұраныс төмен мамандықтар жетерлік. Әсіресе, жылу энергетикасы, педагогикалық физика және химия, мектепке дейінгі тәрбие, аң шаруашылығы, металлургия сияқты пәндерге шәкірттердің қызығушылығы төмен. Сондықтан мамандар әлі де болса, талапкерлердің дұрыс таңдау жасауын ескертеді. Сондай-ақ түрлі алып-қашпа сөздерге ермеуді де баса айтты.