Еден жуушының жалақысына қызыққан мектеп директоры

1543
Фото: //smartnews.ru

Шымкентте мектеп директоры мемлекетке 1 млн теңгеге жуық залал келтірді. Бұл фактіні облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары анықтаған.

Фото: //smartnews.ru
Фото: //smartnews.ru

Шұғыл іздестіру шаралары нәтижесінде Шымкенттегі М.Горький атындағы №12 мектеп директоры И.Кадирова ұсталды. Оның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, мүлікті иемдену және талан-таражға салу мақсатында ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтерді енгізіп, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны анықталды.

Нақты айтқанда И.Кадирова пайдакүнемдік мақсатпен 2013 жылдың қаңтар айыннан бастап аталған мектепте кіші қызмет көрсетуші қызметкердің (еден жуушы) бос орнына өзінің танысы Х. деген азаматшаны тіркеп қойып, 2 жыл көлемінде өзі жалақыны алып отырған. Осылайша күдікті мемлекетке 855 577 теңге залал тигізді.

Қазіргі таңда И.Кадирова қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабының 2-бөлігі, 3 тармақшасы және 369-баптың 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс Еңбекші аудандық сотына жолданды.

Қазір 900-ге жуық бала білім алатын мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал күдікті, 1967 жылы туған Кадирова өз еркімен қызметінен кеткен. Бүгінде білім ошағын басқарып отырған жаңа басшы өзіне дейінгі жағдайдан хабарым жоқ дейді.

Атап өту керек, қазіргі уақытта И.Кадирова мемлекетке келтірген залалды толық өтеген. Мектептегі өзге еден жуушылар қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Ал еден жушы болып тіркелген Х есімді азаматша тергеуге көмектескені үшін жауаптан босатылды.