Мүгедектерге жеңілдіктер бар

Бүгінде облыста 108 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның 140-ы – Ұлы Отан соғысының ардагері, 2821-і соғыс ардагеріне теңестірілгендер, 53912-сі – І-ІІ топ, 36916-сы – ІІІ топ мүгедегі болса, 14311-і 16 жасқа дейінгі балалар.  Мүмкіндігі шектеулі жандардың айтуынша, елімізде мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау туралы заң бар болғанымен, ол өз деңгейінде орындалып отырған жоқ. Осы ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға  мемлекет тарапынан қандай жағдайлар жасалып отыр? Олардың медициналық көмек алуына, әлеуметтік қолдауға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп отыр ма деген сауалдарға жауап алу үшін ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаевамен аз-кем тілдескен едік.

– Мүгедектік белгіленген азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Сонымен қатар, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес Қорға әлеуметтік аударым жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының еңбек қабілетін жоғалтқан жағдайда өтініш берген уақыттан бастап әлеуметтік төлем алуға құқылы, – дейді басқарма басшысы.

Бөлмелі жүріп-тұруға арналған қоларба 7 жылға беріледі.

Әсия Құралқызының айтуынша, облысымызда мүге­дек­терге ерекше көңіл бөлініп, қамқорлық жасалынады. Мәселен, ҰОС ардагерлеріне және барлық категориялы мүгедектерге ОҚО «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйіне санаторлы-курорттық жолдама тегін беріледі. Тұрғын үй-ком-муналдық қызмет шығындарын жабу үшін  (сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, электр энергиясы, кәріз, отын алу үшін) қаржылай көмек көрсетіледі. Үйінде тәрбиеленіп және білім алып отырған әрбір мүгедек балаға ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Ал жалғызілікті І топтағы мүгедектер 1 АЕК мөлшерінде жәрдемақы алады.

Серуендеуге арналған қол арба 4 жылға беріледі.

Мекеме басшысынан сұрап білгеніміз, 2005 жылғы 20 шілдедегі «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері бойынша» №754 Қаулысына және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес, мүгедектер қол-арбалармен,  сурдотехникалық құралдармен, есту аппараттарымен, протезді-ортопедиялық құралдармен   қамтамасыз етіледі. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жоғарыда аталған керек-жарақпен қамтамасыз ету, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық органы әзірлеген мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының негізінде мемлекеттік сатып алу туралы ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен  жүзеге асырылады. Маманның айтуынша, жоғарыда аталған әлеуметтік көмектерді алу үшін тұрғылықты жері бойынша қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш жазу керек.

Қандай құжат тапсырамыз?

Зейнетақы немесе жәрдемақы алуға құқығы бар тұлға, Мүгедектігі бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін:

1) Жеке басын куәландыратын құжаттардың (жеке куәлiгiнiң, Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатының, азаматтығы жоқ адамның куәлiгiнiң, шетелдiктiң тұруға рұқсатының, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейiн оралман куәлiгiнiң) көшiрмелерiн;

2) Мекенжай анықтамасын;

3) Зейнетақы мен жәрдемақы беру жөнiндегi уәкiлеттi ұйымдағы шот нөмірін;

4) Радиациялық әсерге ұшыраған адамдардың ауруының, мүгедектiгiнiң себептiк байланысын белгiлеу жөнiндегi ведомствоаралық сараптамалық кеңес шешімінің көшірмесін;

5) Орталық әскери-дәрiгерлiк комиссия шешімінің көшірмесін;

6) Ауруы туралы госпиталь берген куәлігінің көшірмесі не әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысын;

7) 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланың тууы туралы куәлiгiнiң көшiрмесiн ұсынуы керек.

Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алу үшін:

1) Жеке бас куәлігінің көшірмесін;

2) Мекенжай анықтамасын;

3) ЖӘК көшірмесін;

4) СТТН көшірмесін;

5) Еңбек кітапшасының көшірмесін;

6) Ұйымның жұмыс сипаты немесе белгіленген форма бойынша еңбек шарттарын растайтын анықтамасын;

7) Мекеме жойылған жағдайда мұрағат директоры және мұрағатшының мөрі мен қолы қойылған жұмыс орны, лауазымы, кәсібі, жұмыс істеген уақыты, мұрағат ісінің номері, оның беттерін МЗТО өткізуі керек.

Еңбек қабілеттілігін жоғалту жағдайында әлеуметтік төлем алу үшін:

1) Жеке бас куәлігі көшірмесін;

2) Мекенжай анықтамасын;

3) Еңбек қабілетін жоғалту деңгейін куәландыру және белгілеу жүргізілгендігі туралы мәліметтерді;

4) СТТН;

5) ЖӘК;

6) Банк шотының номерін (есеп-шот немесе карт-шот) өткізуі керек.

Айжан Ермекқызы