Ретсіз саудаға жол жоқ

365

Шымкентте ретсіз сауда қатарларымен күрес жалғасып жатыр. Бұл жолы Әл Фараби ауданы әкімдігінің мамандары өздеріне қарасты көшелерді тазалады. Кәсіпкерлердің заңсыз әрекетін әшкерледі.

Бұл – Әл Фараби ауданындағы Рашидов көшесінің бойы. Мұнда жаяу жүргіншілер үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Жол бойын құрылыс материалдары жауып тастаған. Мұндай заңсыз әрекеті үшін кәсіпкерлер қысылмайды да, қорықпайды да. Ол аздай айына екі рет жасалатын ескертуді де құлақтарына аспайды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ytmmVdagQb8[/youtube]

Әкімдікпен бірге арнайы рейд жұмыстарына қатысқан жер қатынастары бөлімінің маманы жер телімі тиісті мақсатында қолданылмағанын айтады. Айтуларынша аумақты көгалдандыруға сұраған екен.

Тұрсын Олжас, қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі: «Бұл жерді көбісі 1999 жылы алған. Мақсаты – көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз деген. Алайда, сауда орнына айналдырып отыр. Тіптен жаяу жүргіншілер жолын жауып тастаған. Егер ескертуге құлақ аспаса шешімді бұзуға болады».

Ал көше тұрғындарының тыныштығы кеткен. Күндіз-түні тынбай тасымалданатын темір-терсектер, үздіксіз келіп-кететін көліктер мазаларын қашырған. Ол аздай, аялдамаға жету үшін айналып жүреді.

Бір қызығы, көп қабатты үйдің төрайымы кәсіпкерлердің дүкеніне еті үйренген. Арнайы топқа шағымданған көршісінің жағасын алып, олар ауланы көріктендіруге үлес қосып отыр деп айтып салды.

Мейрамкүл Пернебаева, үй төрайымы: «Алғаным рас. Шеге алам, профнастил беріп тұрады. Менің тұрғындарыма көмектесең болды дегенмін».

Айта өтейік, Рашидов көшесінде иелері заңды белшеден басып отырған 38 нысан бар. Оларға жыл басынан бері кем дегенде екі рет ескерту жасалған. Енді айыппұл салынады дейді жауаптылар.

Рейд жұмыстары әр апта сайын жалғасады. Осылайша көше бойын тазалауды көздеп отырған әкімдік алты айдың өзінде 609 мың теңгеге айыппұл салған.