«Тек өзін ойлайтын журналистке спортта орын жоқ»

Сарбиназ Алдабергенова, «Отырар» телеарнасы спорт бөлімінің редакторы
Сарбиназ Алдабергенова, «Отырар» телеарнасы спорт бөлімінің редакторы
Сарбиназ Алдабергенова,
«Отырар» телеарнасы спорт бөлімінің редакторы

– Сарбиназ, газет ұжымы атынан кешегі өткен төл мерекеңізбен құттықтаймын. Мереке қалай өтті?

– Мереке әдеттегідей стадионда өтті. Ол күні алғаш рет Шымкентте Еуролиганың іріктеу ойыны өткен болатын. Таңертеңнен бастап стадионның дайындығын бақылап, футболшыларға сәттілік тілеймін деп жүріп 2 шілде – халықаралық спорт тілшілерінің мерекесі екені де естен шығып кетіпті. Матч аяқталғаннан кейін ғана бір-бірімізді құттықтаған жайымыз бар.

– Бұл датаны биліктегілер ескерді ме? Жалпы биліктің спорт журналистеріне деген көзқарасы қандай?

– Журналист десе төбе шашы тік тұратындар бар ғой. Әсіресе жасыратын тірліктері көп болса… Ал жеңіске жетіп жатса, тілшілер қайда деп жүгіретіндер де аз емес. Менің ойымша спорт тілшісі ең алдымен спорт жанашыры болуы тиіс. Сенсация іздеп, өз қамын ғана ойлайтын журналистке спортта орын жоқ. Жалпы көзқарас жаман емес деп ойлаймын.

– Кеше өткен Еуролиганың алғашқы іріктеу матчы туралы айта кетіңізші… Және де қарымта кездесуді болжап берсеңіз…

– Бұл матчтан жеңіс күткен едік. Бірақ, гол соғылмады. Жігіттер сенімді ақтай алмады. Ойын өрнегін де көпшілік түсінбей дал болды-ау. Өйткені Еуролиганың ойыны ондай болмауы қажет еді. Шынымды айтсам, ішкі чемпионаттағы кездесулерден де сылбыр ойын болды. Футболшылар гол болмаса да жиналған 12 мың жанкүйерге қызыққа толы футбол думанын көрсетуі тиіс еді. Алайда ол қолдарынан келмеді. Клуб тарапынан аз тірлік жасалды дей алмаймын. Бұл матчты өз стадионымызда өткізуге рұқсат алу үшін қаншама табалдырықты тоздырды. Шымкенттіктер сүйікті команда ойыншыларының матчын өз көзімен көрсе деген тілек болды. Осы жерде айта кеткім келіп отыр, кейбір азаматтар футболшылардың жақсы ойын көрсете алмауын бапкердің көңіл күйімен немесе өзге де қауесет әңгімемен байланыстырып жатады. Бірақ, мен үшін ол жаңсақ пікір. Бәрі де футболшыға байланысты. Шебер ойын көрсетемін десе, ешкім оған қой демейді. Себебі жақсы нәтижеге қол жеткізу – футболшының міндеті. Ол сол үшін қомақты жалақы алып отыр. Өзгелерге кінә арту – оңайдың оңайы. Мен басшымен ұрыстым екен деп, ашуымды спортшыдан алмаймын ғой.

Қарымта матчқа келсем, біз үшін оңай болмайтыны белгілі. Израильдік бапкердің айтуынша, ол ойынды тамашалауға стадионға 25 мың көрермен жиналады екен. Бұл психологиясы онсыз да әлсіз болып жүрген ордабасылық ойыншылар үшін жақсы жаңалық деп айту қиын. Қарымта кездесуде тең түсудің өзі біздің жігіттерге оңай болмас. Дегенмен жеңістен дәмеліміз.

– Журналистикаға қалай келдіңіз және неліктен спорт бөлімін таңдадыңыз?

– Бұл салаға келуімнің өзі қызық болды. Күлкі күні болатын. Шынымды айтсам, бастапқыда спорт тілшісі боламын деп ойламаппын. Бірақ кас-тинг қорытындысы бойынша осы бөлімге қабылдандым. Сенесіз бе, саз мектебінде білім алған менің спортқа бас сұққандағы ішкі жағдайымды түсіну қиын емес шығар (күліп). Спортта да өзіндік қиыншылықтар жетеді. Дөрекілеу спортшылар бар. Алғашында үйге барып жылап та алатынмын.

Спорт – жеңіс пен сәтсіздік. Әрбір күн эмоцияға толы. Спортқа ғашық болғаным да содан шығар. Тек әлі күнге дейін спорттың ешбір түрімен шұғылданбаймын. Өзімді бақылаушы санаймын. Дегенмен кейде спортшылардың жан дүниесін, еңбегін түсіну үшін спорттық киімді киіп тер төгуге тура келеді. Содан бері 11 жыл өтіпті. Мен негізі тұрақтылықты ұнатамын.

– Алғаш рет жасаған сюжетіңізді еске түсіріңізші…

– Оны ұмыту мүмкін емес. «Топжарған» бағдарламасына материал дайындауым керек болды. Сюжет боксшы Фаррух Шаназаров жайлы болатын. Түнімен сұрақтарымды дайындап, спортшының үйіне барып, кәдімгідей қобалжығаным бар. Еңбегімді теледидар арқылы көргенімде төбем көкке жетіп қуанғанмын. Армандар орындалады деген сөздің шын екеніне көзім жетті. Бірақ, арада көп уақыт өтпей сюжетімдегі кейіпкерім ажал құшқанда жаным ауырды. Боксшымен бірге менің телеарнадағы алғашқы күндерім де келмеске кеткендей болды. Есіме алсам, әлі күнге дейін көзіме жас келеді.

– Комментаторық бағытта бағыңызды сынап көргіңіз келмей ме?

– Жоқ, комментатор болғым келмейді және отандық мамандардың жұмысына көңілім толмайды. Қолым қалт етіп жатса, газетке мақала жазып, өзімді блогерлік бағытта сынағым келеді. Неге дейсіз ғой? Себебі актрисаның шыңдалатын жері – театр. Газетке жақсы мақала жаза алатын тілшіні нағыз маман деп есептеймін.

– Спорт саласын насихаттап жүргеніңізге он жылдан астам уақыт болды. Осы ретте облыстың он жыл бұрынғы және қазіргі спорт саласының жағдайын салыстыра кетіңізші…

– Он жыл бұрын да нәтижеміз жаман емес еді. Чемпиондар саны, Олимпиадалық ойындардағы жүлдеміз де аз емес-тін. Мен спорт журналистикасына келгенде облыс спортының тізгіні Серік Анарұлы Оңғарбаевтың қолында болатын.Бүгінде ол кісі ескек есу спорт түрлері мектебіне басшылық етуде. Қазіргі таңда Әлібек Нұртаев облыстық спорт басқармасына басшылық етуде. Өңірдің спорт саласы жақсы дамып келеді. Заманауи талапқа сай бірқатар нысандар салынып, саңлақтарымыздың жаттығуы жақсара түсті. Ауыл-аймақтағыларға да ерекше назар аударылуда. Инчхонда өткен Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жүлде қоры санынан рекорд орнаттық. Әйелдер футболынан да Чемпиондар лигасына қадам бастық. Күні кеше тарихи матчты өз қаламызда өткіздік. Риода өтетін Олимпиадаға берілетін жолдама саны да артуда. Әлемдік деңгейдегі жарыстарда көш бастап жүрміз. Ендігі тілек – Олимпиадалық ойындарда топ жарсақ. Жағымды жаңалықтар әлі алда.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жансая Тәуекелқызы

«Оңтүстік Рабат», №27, 08.07.2015