ВИЧ-ке шалдыққан сотталушылар да толық емделуі тиіс

ВИЧ-ке шалдыққан науқастар дәріні қабылдаудан бас тартқан. Мұндай жағдай көбіне түзету мекемелерінде жиі кездеседі. Өйткені темір тордың ар жағындағылар дерттің қатерін жетік түсіне бермейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Zp4rtNN1fOo[/youtube]

Осыған орай 167/4 әйелдер түзету мекемесінде жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеуді түсіндіру мақсатында семинар өтті. Алдымен сотталушылар арнайы анкетаны толтырып, дегбірді қашырған дерт туралы өз ойларымен бөлісті. Көкейінде жүрген сауалдарға жауап алды.

Жанетта Жазықбаева, «Балаларды СПИД- тен қорғау» қорының төрайымы: «Түзету мекемесінде қатерлі дертке шалдыққандар жетерлік. Сондықтан осындай шаралар өте қажет. Өйткені жиналған сотталушылардың көкейінде білгісі келетін сауалдары көп екен. Бұл – сырқатты жұқтырғандарға дұрыс түсіндірудің жолы. Себебі олар толыққанды хабардар болғанда ғана дұрыс шешім қабылдай алады деп ойлаймын.»

Шара барысында «Балаларды СПИД-тен қорғау» қорының мамандары сырқат туралы толыққанды мәліметтер айтып, қорғанудың жолдарын жеткізді. Есірткі заттарды қолданып, дертке шалдыққандарға ем алудың маңызын түсіндіріп өтті. Айта өтейік, түзету мекемесінде еліміздің түкпір түкпірінен келген 200 жазасын өтеушінің 30-ы ВИЧ-ке шалдыққан.