Úı ANONS Тіркелмеген смартфондар: Тұтынушылар қалай қорғалады?

Тіркелмеген смартфондар: Тұтынушылар қалай қорғалады?

Смартфон алу енді қауіпсіз болмақ. Соңғы кездері қазақстандықтардың тексерілмеген, яғни заңсыз телефондарды сатып алып, кейін оны қайтара алмай әлек болған жағдайлар жиілеген. Осыған байланысты елімізде тұтынушылардың құқығын қорғау күшейтілуде. Енді міндетті тіркеуден өтпеген смартфондар ресми түрде «сапасыз тауар» болып есептеледі. Мұндай телефонды қалай қайтаруға болады және сатушы оны тіркемесе не істеу керек? 

 

Темірқанат Шобан жаңа смартфонды интернет-дүкеннен тапсырыс беріп алған еді. Алайда қуанышы ұзаққа бармады. Құрылғыны тексеріп көріп, жүйеден өтпегенін білген ол дереу сатушыға хабарласқанымен, бос уәдеден басқа ештеңе естімеді.

 

ТЕМІРҚАНАТ ШОБАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Мен олардан қайтарым жасауын талап еттім. Бірақ оны да олар бірден жасай алмады. Оған да 4-5 күн уақыт кетті. Қайтарып алуға кететін уақыт жаңа телефонды алуға да бірақ уақыт кетті. Осылайша мен тіркелмеген телефонның кесірінен, тауардың кесірінен осындай қиыншылықтар көрдім».

 

Енді тұтынушылар жосықсыз сатушылардан толық қорғалады. Тіркелмеген құрылғылар ресми түрде сапасыз тауар болып танылады. Ал IMEI-кодты ақша төлемей тұрып-ақ тексеруге мүмкіндік беріледі. Бұл жаңа талаптар телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту туралы заң аясында қабылданып жатыр.

 

ҚР СИМ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ

«Заң бойынша тіркеуден өтпеген ұялы байланыс абоненттік құрылғысын сатуға тыйым салынады. Мұндай тауарды сатпас бұрын, сатушы сатылатын ұялы байланыс абоненттік құрылғысының тиісті сәйкестендіру кодтарында шектеулер немесе бұғаттаулардың бар-жоғын сәйкестендіру кодтарының дерекқор базасы арқылы тексеруге міндетті».

 

Бұл талаптар интернет-дүкендерге де тікелей қатысты. Мамандардың дерегінше, тұтынушылар көп жағдайда маркетплейстерден алданып қалады. Өйткені тексеруден өтпейтін смартфондарды сатып алғандар кейін ақшасын қайтарып ала алмай, сандалып қалатын оқиғалар жиі кездеседі.

 

ОЛЬГА БЕРЕЗУЦКАЯ, ҚОСТАНАЙ ОБЛАСЫНЫҢ «ТҰТЫНУШЫЛАРДЫ ҚОРҒАУ ОДАҒЫ» ҚБ БАСШЫСЫ: «Өкінішке қарай, адамдар қалағанынан мүлде басқа затты сатып алып, кейін оның шынайылығын дәлелдей алмай жүретіні жиі кездеседі. Ал сатушылар бізге: «Тауарыңыздың қорабы ашылған, қолданыста болған, қасиеттері жоғалған» деп, тек осы себеппен тұтынушының қайтару немесе айырбастау туралы талабын орындаудан бас тартатын».

 

Мамандар жаңа талаптар шынайы нәтиже береді деп үміттенеді. Заң тамыз айының соңында күшіне енбек. Сонымен қатар мамандар тағы бір түйткілге назар аударып отыр: бүгінгі таңда ұялы телефондар алмастыруға және қайтаруға жатпайтын тауарлар тізіміне кіреді. Алайда тәжірибеде барлық құрылғылар мәлімделген сипаттамаларға сай келе бермейді, сондықтан қоғам белсенділері ұялы телефондарды бұл тізімнен алып тастауды ұсынып отыр.

Ботакөз Әнуар