Úı ANONS Бірінші лига: «Оңтүстік» футбол академиясы «Астана М» командасын жеңді

Бірінші лига: «Оңтүстік» футбол академиясы «Астана М» командасын жеңді

 

«Оңтүстік» футбол академиясы Қазақстан бірінші лигасында кезекті маңызды кездесуін өткізді. Шымкенттік команда өзімен тікелей бәсекелес саналатын «Астана М» клубын қабылдады. Тартысты ойынға жанкүйерлер көп жиналып, ойын соңына дейін өз командаларын қолдады.

 

ДАМЕЛИЯ НҰРҒАЛИЕВА, ЖАНКҮЙЕР «Бүгін «Оңтүстік» командасына жанкүйер боламын. Футболды бұрыннан қызығып көремін. Бүгін «Оңтүстік» жеңіске жетеді деп сенемін».

 

Кездесу басында қонақтар басым түсті. Ойынның 8-минутында «Астана М» командасы есеп ашып, ұзақ уақыт бойы қақпасына доп кіргізбей тұрды. Соған қарамастан, жанкүйерлер шымкенттік футболшыларды соңғы минутқа дейін жігерлендіруін тоқтатпады. Нәтижесінде олардың сенімі ақталды. Матчтың 83-минутында алаң иелері есепті теңестірсе, қосымша уақытта жеңіс голын соқты. Сөйтіп кездесуді 2:1 есебімен өз пайдасына аяқтады. Ерік-жігердің арқасында келген жеңіс жанкүйерлер үшін ерекше сый болды.

 

ӘМИНА НҰРҒАЛИ, ЖАНКҮЙЕР: «Бүгін «Оңтүстік» командасына жанкүйер болдым. Әкем – жаттықтырушы. Сондықтан командамыздың жеңіске жетуіне тілектеспін».

Бұл жеңіс «Оңтүстік» футбол академиясына Бірінші лигадағы турнирлік жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. «Астана М» командасын 2:1 есебімен жеңген шымкенттік клуб 26 ұпай жинап, турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.