Шардарада пошта тонаған күдіктілер ұсталды. Ағайынды үш жігіт 500 мың теңгені ұрлағанымен, сол түні-ақ қолға түсті. Олар, тіпті, ақшаны жаратып та үлгірмеген. Ал осы Шардарада осыдан екі жыл бұрын банк тонаған деген күдікпен сотталғандардың туыстары нағыз ұрылар енді қолға түсті деп мәлімдейді.
Шардара банкін тонау ісіне қатысты сотталғандардың туыстары мен қорғаушылары тағы да бас қосты. Тілшілерге айтары бар. Жақындары үшін жаны шырылдағандар Шардарада нағыз ұры енді ұсталды, олар — күні кеше аудан орталығындағы поштаны тонағандар дейді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3uYQck2aJng[/youtube]
Гүлназ Ахметова, сотталған Ахметовтың жұбайы: «Сол ұрылар банкті тонаған ұрылар деген күмәніміз емес, оған толық сенімдіміз. Себебі, олардың бірі сол жердегі күштік құрылымдардың бірінде істейтін қызметкер болып шықты. Оны енді жұмыстан шығаратын шығар, біз білмейміз. Бірақ, сол ұрылардың бірі жаңағы банктің дәл түбінде тұрады. Мынау банк болса, мынау — үйі. Ортада тек бір қоршау бар болды. Сонда ол адам банкке қашан ақша келетінін білген деп есептейміз.»
Пошта тонағандардың ұсталғанын ішкі істер департаментінің өкілдері де растады. Ресми мәліметке сәйкес, күдіктілер — үш ағайынды. Олар пошта күзетшісін ұрып-соғып, байлап кеткен. Дегенмен, ұсталғандардың барлығы жұмыссыздар дейді тәртіп сақшылары.
Ұсталғандардан «Лексус» көлігі және қолды болған ақша, дыбыс бәсеңдеткіші бар екі тапанша мен 1 шолақ мылтық, оқ-дәрілер, қара бетперделер мен қолғаптар тәркілеп алынды. Олар ақшаны жаратып та үлгермеген. Қазір тергеу амалдары жалғасуда.