Шымкенттік туристердің жолы болмады. Таңертең сағат 9-да Шымкент-Стамбұл бағытына ұшуы тиіс ұшақ әуеге көтеріле алмады. Жолаушылар 4 сағат бойына транзиттік залда күтуге мәбжүр болды. Түс ауа Анадолы еліне жиналған ағайын үйлеріне қайтты.
Күту залындағы жағдай сәт санап ушығып барады. Түркия еліне жиналған 240-қа жуық жерлесіміз жолдан қалды. Ыстық әрі тар бөлмеге тоғытылған халықтан маза кетті. Рейстің реті келмеген соң жолушыларға сусындар мен тамақтар таратылды. Шыдамы таусылған жұрт түс ауа үйлеріне қайта бастады. Жолаушылар әсіресе, балалардан обал болды дейді.
Сөйтіп, бұл сапардың берекесі қашты. Жағдайды түсіндірмек болған жауаптылар жолаушылар шығындарының туристік операторлар арқылы өтелетінін айтып, көпті жұбатумен әлек.
«Қонақ үйде жалданған орынға бір тәуліктің бағасын компания төлеп береді. Ал материалдық шығын талап етсеңіздер, арыз жазыңыздар. Әрқайсыңыздың шағымдарыңызды жеке-жеке қарайтын боламыз.»
Әуе компаниясының өкілдері Шымкент-Анталия рейсінің кешігуін ұшақтағы техникалық ақаулармен байланыстырады. Айтуыларынша, биіктікті реттейтін құрылғының істен шыққаны ұшақ ұшуға дайындалғанда ғана мәлім болған.
Виктория Ульянова, «Скат» авиакомпнаиясының PR- бөлімінің жетекшісі: «Қазір жағдайды реттеуге техниктер кірісті. Күту залында жолаушыларға барлық жағдай жасалды. Уақтылы сусын мен тамақты жеткізіп беріп отырдық. Жолаушылардың орын алған олқылыққа түсіністік танытуын сұраймыз. Барлық материалдық шығын компания есебінен төленетін болады.»
«Скат» компаниясының өкілдері жағдайды бүгін реттейміз деп уәде беріп отыр. Анадолы еліне жиналған жолаушылар кешкі сағат 22:00-де қосымша рейспен жолға шығады деп сендірді. Айта өтейік, бұл — жазғы маусымдағы бірінші жағдай емес. Мұндай келеңсіздіктердің жиі қайталанатынын алға тартқан жолаушылар әуе қатынасының қызметін жасқсартуды мықтап қолға алсын, дейді ашынып.