«Оңтүстік Рабат» газетіне — 5 жыл!

551

1 қыркүйек күні — «Оңтүстік Рабат» газетінің алғашқы мерейтойы. «Шындықтың қайнар бұлағы, халықтың көзі, құлағы» ұстанымын ту еткен басылым 5 жылда оқырман арасынан өз орнын ойып тұрып алды. Қоғамның түрлі саласындағы сан түрлі мәселелерді қамтыған газет шенеуніктер мен оқырманға ой сала отырып, түйткілдердің түйінін тарқатуға атсалысты.

013

Осы сәрсенбінің сәтті күні оқырманға басылымның 260-шы саны жол тартпақ. Газет бетіндегі әрбір мақала қалың қауымды үздіксіз қызықтырып отырады деп сенеді «Оңтүстік Рабат» ұжымы. Тақырыптың жілігін шағып беретін тілшілерге дүйім жұрттың өзі сыншы. Дегенмен, шығармашылық топ күш жігерін салып, қоғамның бүкіл түйткілі мен басты жаңалығын қамтуға тырысады.

Қоғамда орын алған оқиғаларды оқырманға шынайы және дер кезінде жеткізуге атсалысқан тілшілердің кәсіби біліктілігі жылдан жылға артып келеді. Өйткені медиахолдингте тәжірибе алмасу жүйеге қойылған. Лаура Сапарбекова сарапшы ретінде танылса, Айгүл Керімбайқызының медицина саласындағы мәселені көп қозғайды.

Басылымның бес жылдық тарихына куә болған тұлғалар әлі де аянбай тер төгуде. Газеттің алғашқы бас редакторының орынбасары әрі жауапты хатшысы Мақсат Жақсыбайұлы сол кездері оқырман көңілінен шығудың оңайға соқпағанын еске алды.

«Шындықтың қайнар бұлағы, халықтың көзі, құлағы» деп ұрандатқан «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымын Валентина Куликова басқарып келеді. Кезекті басылымға енетін тақырыптар мен оның безендірілуі, оған қоса маңызды мәселелердің реттік орналасуы медиахолдинг басшысының кабинетінде талқыланады. Ұжым алдағы уақытта басылымның электронды нұсқасын шығарып, таратуды алдарына мақсат етіп қойып отыр.

Шынар Оразова