Оңтүстікте 100-ге жуық мемлекеттік конкурс жарамсыз деп танылды

492

Оңтүстік Қазақстан облысында 92 мемлекеттік органда жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурстары жарамсыз деп танылды. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Департамент мамандары сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қазынадан қаржыландыратын барлық мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік сатып алудағы тауарлары мен қызмет түрлерінің бағаларына мониторинг жасайды. Нәтижесінде 92 мемлекеттік органда жарияланған конкурстар жарамсыз деп танылған.

001

Мәселен, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мүгедектер үшін міндетті «гигиеналық құралдардың» (калоприемник) әр данасын 2571 теңгеден сатып алмақ болған. Алайда, департамент қызметкерлерінің зерделеу жұмыстары негізінде аталған заттың нарықтағы орташа бағасы 960 теңге екені анықталды. Яғни, әр данасына 1600 теңгеден артық баға қойылған.

Егер Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сатып алу конкурсын жүзеге асырғанда, онда мемлекеттік бюджетке 14 млн теңгеден астам залал келуі мүмкін еді.

Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қысқы маусымға әр тоннасы негізгі нарықтық орташа бағамен 6-6,5 мың теңге тұратын техникалық тұзды «Шымкент қаласының көшелеріне көктайғаққа қарсы техникалық тұз себу» лотында әр тоннаға 11,8 мың теңгеден жариялаған. Осыған орай департаменттің ұсынысы негізінде конкурс тоқтатылып, 7,8 млн теңге көлемінде мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды.

Айта кету керек, жоғарыда аталғандай фактілер құқық қорғау органдарында, білім саласында, әкімдіктерде, денсаулық сақтау саласында және т.б. мемлекеттік мекемелерде (тіпті, мемлекеттік университеттерде де) орын алған. Қазіргі таңда осы фактілерге сәйкес, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершіліктерге тартылып, әкімшілік айыппұлдар салынды.

Осылайша, департамент тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде жалпы көлемі 165 млн теңгеден астам қаражаттың талан-таражға салынуына жол берілмеді.