Жұлдыз елдімекенінде жаңа мектептің ғимараты ашылды

1044

Оңтүстікте білім күні мерекесінде тағы бір мектеп пайдалануға берілді. Жұлдыз елдімекеніндегі №94 білім ошағының аумағы 2 гектарға артып, ел иглігіне тапсырылып отыр. Жылдар бойы сыныпқа сыймай, қысылып-қымтырылмай білім алуды армандаған шәкірттердің қуанышымен біз де бөлісіп қайттық.

IMG_4093

Жұлдыз елдімекенінің оқушылары енді жаңа ғимаратта білім алады. №94 мектептің ашылу салтанатына мектеп басшылығы, мұғалімдер, оқушылар мен олардың ата аналары және жергілікті билік өкілдері шақырылған.

Мәртебелі лентаны қию ауыл ақсақалдары мен жергілікті билік өкілдеріне бұйырды

Жиналған топ мұндағы замануи жабдықтармен жасақталған сыныптарды көруге асықты. Ал бұған дейін сабақты тек теория жүзінде өтіп келген шәкірттер асыға-аптыға шеберханаға еніп, металдарды өңдеуге кірісті.

Болатбек Әли, №94 жалпы орта мектептің оқушысы: «Бұрынғы мектебімізде мұдай шеберхана болмаған, мұндай техникалық қондырғылар да жоқ еді. Енді еңбек сабағында темірді өңдеуді үйренеміз, 5-ке оқимыз деген сенім бар. Қазіргі қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын».

қыз балалар үшйін тігін шеберханасы ашылған
Қыз балалар үшін тігін шеберханасы ашылған

Мұнда жабдықталған шеберханалардан бөлек компьютерлік сыныптар, спортзал, асхана, кітапхана сынды бас-аяғы 36 сынып ашылыпты. Еске салайық, Жұлдыз ауылындағы №94 мектептің құрылыс жұмыстары осыдан 1 жыл бұрын, тамыз айында қолға алынған еді. Оған қазынадан 552 млн теңге жұмсалыпты. Ұжымның айтуынша, енді мектептің білім сапасы артады. Себебі мектептің ауқымы 2 есеге кеңейіп, үш ауысымнан арылды.

Қайрат Арықов, №94 жалпы орта мектептің директоры: «Бізде оқушыларға жағдай жасалмай келді. Акт залы, спорт залымыз болған жоқ. Өзге қосымша залдарды айтпағанның өзінде сыныптар жетіспеушілігі де болды. Сондықтан жылдар бойы шәкірттер 3 ауысымда білім алып келді. Бұл жағдай  білімнің сапасына да әсер етті. Ал қазір, Құдайға шүкір, жаңа ғимаратпен қауыштық. Спортзалдың өзінде жуынатын бөлмелер қарастырылып, салынды. Енді бізде білім деңгейі жоғарылайды».

IMG_3872

Бұл күні көптің қуанышына ортақтасқандар да аз болған жоқ. Тағы да қажетті жабдықтарды сатып алуы үшін «ПетроҚазақстан» компаниясының өкілдері қаржылай сый жасады. Айта өтейік, енді №94 мектептің жаңа ғимаратында 900 оқушы дәріс алады.