Шымкентте қыста мұз қатпайтын көпір ашылады

447
Шымкент. Көпір. Жер үсті өткелі

Шымкентте жер үсті өткелі ашылады. Үсті ашық болғанымен, едені күннің суығында қыздырылады. Яғни, қарлы күні мұз қатып, мазаны алмайды дейді мамандар. Заманауи үлгіде салынған өткел жуық арада пайдалануға берілмек.

Шымкент. Көпір. Жер үсті өткелі

Зейнеткер Ләззат Абылайқызы жер үсті өткелінің бой көтергеніне қуанышты. Дегенмен, жаяу жүргіншілерге жасалған жағдай көңілінен шыққанымен, жауын-шашынды күні жүріп-тұруым қиындай ма деп қорқады.

Ләззат Абылаевна, қала тұрғыны: «Қазір қыркүйек, әлі ештеңе емес. Ал ауа райы суыса ше? Шатыры жоқ. Қар, жаңбыр жауса тайғанақ болады ғой. Жүріп-тұру қиындайды».

Мамандардың айтуынша, жер үсті өткелі автономды жүйемен қыздырылады. Шатырының жоғына қарамастан нысан үстінде су тұрмайды, мұз қатпайды. Өйткені жүргізілген жылу жүйесі күн суыта сала автоматты түрде қосылатын көрінеді. Сондықтан мұндағы қозғалыста ешқандай қауіп болмайды деп сендіреді жауаптылар.

Асылбек Баймұрзаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының орынбасары: «Өткелдің жалпы ұзындығы 39 метрді құрайды. Жобалық-сметалық құны 129 миллион 800 мың теңгені құрайды. Жалпы, үсті жобаға сай атқарылды, үсті ашық болады. Ал екі бетіндегі текпішек құрылыс ережелеріне сай орындалғаны тексерілді, қаралды».

Нысан мемлекетке межеленген жоспар бойынша 2015 жылдың қараша айында тапсырылуы тиіс. Жер үсті өткелінде жоба бойынша мүгедектердің қозғалысы үшін арнайы эскалатр жұмыс жасайтын болады.