Білім саласын бақылау департаментіне жаңа басшы келді

695
Кәрімбек Құрманәлиев

Оңтүстік Қазақстан облыстық білім саласын бақылау департаментіне жаңа басшы келді. Бұл лауазымға 19 қазан күні Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің білім саласын бақылау комитетінің төрағасы Саят Нүсіповтың бұйрығымен Құрманәлиев Кәрімбек Арыстанбекұлы тағайындалды.

Кәрімбек Құрманәлиев

Құрманәлиев Кәрімбек 1962 жылдың 20 сәуірі күні ОҚО Бәйдібек ауданы, Жамбыл облысында туған. Алматы педагогикалық шет тілдері институтын, «Қайнар» университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (педагог, құқықтанушы, мемлекеттік және жергілікті басқару маманы) тәмамдаған.

Жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң Алматы шет тілдері институтында кәсіподақ ұйымының төрағасы және проректор, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің шет тілдері кафедрасының меңгерушісі, «Қайнар» университетінің вице-президенті-ректоры, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің инновациялық қадамдар бойынша проректоры, Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің жоғарғы және жоғарғы оқу орындарынан кейінгі білім департаментінің директоры болып қызмет істеген.

2008 жылдың қараша айынан 2015 жылдың қазан айына дейін Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті лауазымында қызмет атқарып келді. Құрманәлиев Кәрімбек «Құрмет» орденімен, Қазақстан Президентінің алғыс хатымен, «Қазақстан республикасы білім беру ісінің құрметті қызметшісі» белгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, ұлттық академияның «Әл Фараби» атындағы алтын медалімен марапатталған.

Еске салайық, бұған дейін облысымыздағы білім саласын бақылау департаментін Әбдіғаппар Жақсыбеков басқарып келген болатын. Бұрынғы басшы пара алған жерінен ұсталып, ірі көлемдегі айыппұл төлеуге міндеттелген.