Шымкентте республика бойынша алғаш рет ағылшын әдісімен жол төселді

309

Ағылшындардың тың әдісін пайдалану қаншалықты тиімді? Ол өңір жолын қауіпсіз ете алама? Бұл сұрақтардың жауабы көктемде белгілі болады. Ал оған дейін сынақ ретінде төселген жол зерттеледі. Сапасын мамандар тексереді. Жүргізушілер бағасын береді. Жар салып, жаңалық әкелген канадалық компания Шымкенттегі Тассай шағынауданына жол төседі.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=L9L2ZnxQpo0[/youtube]

Тассай шағынауданынан берілген жолда ауыр жүк көліктер көп жүреді. Тонналаған салмақтары жыл сайын төселген жолды езіп, жарамсыз етеді. Осыны ескерген жауаптылар тың жаңалығын арқалай келген шетелдік мамандарға осы аумақтан 150 метр жол бөліпті. Экологиялық таза әрі экономикалық тиімді жолдың шыдасын тексеріп көрмек. Сынақ ретінде төселген жол кез-келген кедергіні жеңеді дейді канадалық компания инженері.

Уолтер Шатти, «US ROAD Tehnologies LLC» компаниясының инженері: «Жол салуда қолданылатын материал АҚШ-та жасалған. Ал қолданылатын техника – немістікі. Яғни сапасы жоғары. Шығыны аз. 15 тоннадан жоғары салмақты көтереді. Шыдамдылығы кәдімгі жолдан үш есе артық. Яғни жыл сайын жол жөндеуге кететін қаражат үнемделеді».

Оңтүстік түгілі Қазақстанда алғаш рет қолданылып жатқан жол құрылысы көпшіліктің көңілін өзіне бірден аударды. Мұнда адам күші көп қолданылмайды екен. Тың жоба бойынша алдымен құрғақ күйінде цемент төселеді, үстінен қоспалары бірден жабылады. Мұның барлығы арнайы техниканың көмегімен атқарылады.

Сәкен Қаныбеков, облыс әкімінің орынбасары: «Жолды ендігі жылы көктемде көреміз. Егер жол шыдас берсе, бұл технологиямен жол төсеуге дайынбыз. Есептеп берсе, экономикалық тұрғыда тиімді болса, ұсынысты қолдаймыз».

Төселген жол экологиялық таза, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Шыдамдылығында шек жоқ көрінеді. Су өткізбейді, құрылыс материалдары қар мен жаңбыр суын сіңірмейді. Сондай-ақ, шаң тозаңнан сақтайтын қасиеті де бар екен. Көліктерге жайлы деген канадалық мамандардың жобасы күнгейлік жүргізушілердің көңілінен шықса, өңірдің барлық аудан-қалаларына төселеді деген жоспар бар.