Қазақстанда алғаш ашылған хореография кафедрасына — 30 жыл

631
"Қаракөз" би ансамблі

Биыл ОҚМУ-дің хореография кафедрасының құрылғанына — 30 жыл. Мерейтой құрметіне орай мемлекеттік жоғарғы оқу орнында мың бұралған бишілердің байқауы өтті. Халықаралық додаға жергілікті және өзге де облыстағы би топтарымен қатар шетелдік білікті ұжымдар шақырылған. Онда 25 бірдей үміткер өнер сайысына қатысып, бақтарын сынады.

Хореография кафедрасы, ОҚМУ
"Қаракөз" би ансамблі

«Қаракөз» би ансамблі

бүгінде хореография мамандығында 45 студент білім алады
Бүгінде хореография мамандығында 45 студент білім алады

Өнер ұжымдары қазақтың халық, ұлттық биін сайысқа үкілеп қана қосқан жоқ, мұны ОҚМУ хореография кафедрасының 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде ұсынды. Ал айтулы халықаралық додаға жергілікті және өзге де облыстағы би топтарымен қатар шетелдік білікті ұжымдар шақырылған. Бірі көптің алдында өнерлерін паш етіп жатқанда, енді бірі сахна сыртында дайындығын пысықтады. «Сезім өрнектері » би ұжымы би саласының көпке жұмбақ, беймәлім талаптарын арнамыздың көрермендері алдында жайып салды.

"Сезім өрнектері " би тобы
«Сезім өрнектері » би тобы

«Сезім өрнектері» би тобы: «Ең алдымен сахнаға шығу алдындағы қобалжуды жеңу үшін салқын су ішеміз. Ал сахнада бәрі әдемі, бәрі сұлу болып көрінгенімен, би саласының да өзіндік қиыншылықтары бар. Мәселен, тәтті және майлы тағамнан көбіне бас тартамыз, кешкі сағат 18:00-ден кейін тамақтануға тыйым салынған. Денемізді тік етіп ұстау керек және көптің алдына шыққанда жадырап, жүзімізден қуаныш лебі есіп тұруы маңызды».

Өнерпаздардың талантын білім саласының құрметті қызметкері, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың шәкірті Ғаникамал Бейсенова төрайымдық ететін қазылар алқасы бағалады.

Еске салайық, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дегі хореография кафедрасы 1985 жылы қызметін бастады. Ел аумағындағы би саласын кәсіби оқытуға бағытталған тұңғыш кафедра ретінде тіркелді. Игі шараға мәдениет институтының сол кездегі ректоры Мұтан Жүнісбаевтың өзі бастамашы болған. Алғаш рет сонда 19 студентке бидің кәсіби қыры мен сырын үйреткен кафедраның алғашқы хореогроф-педагогы Сералы Тілеубаев еді.

Кафедраның алғашқы 1985-1989 ж.ж түлектері
Кафедраның алғашқы түлектері (1985-1989 жж)

аудитория
Аудитория

Сералы Тілеубаев
Сералы Тілеубаев

Сералы Тілеубаев, хореограф, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның мәдениет қайраткері: «Түк жоқ жерден ашылып, зал, не костюм жоқ, не маман жоқ болды ол кезде. Ал бұл кафедра Қазақстан бойынша жалғыз болғандықтан, өзге өңірлерден, түкпір-түкпірден жастар келіп, білім алды. Алғашында аудиторияға кіруге ұялатынмын, қалай өтемін, қалай сабақ беремін деп. Әріптестерімнен үйренейін десем, жалғыз мұғаліммін. Ұжымды ұстаздармен, қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету өте қиынға түсті.  Кейіннен Кеңес одағы ыдырады, ол кезде де талай соқпақты бастан өткердік. Қазір қаншама қиыншылықтарға қарамай, кафедраның жұмыс жасап, еңбегі еленгенін көріп қуанамын».

Балжан Тілеубаева, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің хореография кафедрасының меңгерушісі: «Хореография кафедрасының жанынан «Қаракөз» би ансамблі жұмыс жасады. Жыл өткен сайын оның құрамы өзгергенімен, би сапасы жақсарып келеді. Түрлі халықаралық, республикалық сайыстар мен маңызы мол іс-шаралардың төрінен табылып та жүрміз. Ш.Жиенқұлова атындағы републикалық би конкурсының 2 рет лауреаты атандық, халықаралық «Шабыт» байқауының 1-орын иегері, жуырда дельфийлік сайыстардың жүлделі 1-бәйгесін де жеңіп алдық. «Фистолония» халықаралық би сайысында да бас жүлдені еншіледік. Жетістіктеріміз жетерлік дей аламын. Бірақ, қазіргі уақытта би мамандығына мемлекеттік грант өте аз, 10 орын ғана бөлінеді. Сондықтан оқуға тапсырушылар саны да анағұрлым азайды. Бұған дейін бір топта 25-30 студенттен болса, қазір 10-12 студенттен. Жалпы алғанда қазір біздің кафедрада 45 студент бар. 10 оқытушы жұмыс істейміз».

"Қаракөз" би ансамблі
«Қаракөз» би ансамблі, ОҚМУ

Айта өтейік, 30 жылдық тарихы бар хореграфия кафедрасы бүгінге дейін  300-ден астам шәкіртті түлеткен. Қазір мұнда 45 студент кәсіби би саласын меңгеріп жатыр. Ал мерейтой құрметіне қолға алынған халықаралық сайыстың жеңімпаздары 6 қараша күні анықталатын болады.