Девальвация жолаушылар тасымалдау қызметіне де кері әсер етуде. Автобөлшектер құнының қымбаттауынан қоғамдық көліктерді қысқа дайындау қиынға соғып тұр. Бұл туралы «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қосалқы бөлшектер бағасы 30 пайызға қымбаттаған. Жанар-жағармай құны да біртіндеп көтеріліп келеді. Шығындар осылай арта берсе, қыста көліктердің жолға шықпай қалуы әбден мүмкін дейді төраға. Сондықтан жуық арада жолаушылар тасымалының құны қымбаттайтын түрі бар.
Қалтасына теңге түгілі тиын түспегендіктен жұмысты тастап кеткендер жетерлік. Салаға жауаптылар бүгінде 500 жүргізушінің орны бос тұр дейді. Ал автобустардың 40 пайызы қысқа дайын емес. Бұл түйткіл жолақысын көтерумен де шешілмейді. Сондықтан тасымалдаушылар мемлекеттен қаржылық қолдау сұрап отыр.
Ал бұл көмекке тек жекелеген компаниялар ғана қол жеткізе алады. Өйткені көп тасымалдаушылар автобусты жалға алады. Сондықтан шығындарын құжат түрінде растау мүмкін болмай тұр.
Қалай дегенмен, субсидия мен датацияның ауылы алыс. Алайда, жолақы көтерілетін күн жақын. Жолкіренің қаншаға қымбаттайтынын салаға жауаптылар дөп басып айта алмай отыр. Қазір жолаушылар тасымалдау қауымдастығының бұл ұсынысы қаралу үстінде.
Қауымдастық төрағасы жолақыны қымбаттату арқылы түйткілді шешу мүмкін емес екенін ашып айтты. Оның пікірінше, өзге өңірлердегідей жолаушылар тасымалдау компаниялары субсидия ретінде мемлекеттен қаржыландырылып отыруы керек.