«Әйел-ана, әйел-ұстаз, әйел -тұлға». Шымкентте осындай тақырыппен ұлағатты ұстаз, халықаралық өнер байқауларының лауреаты Күлімхан Сейілбекованың шығармашылық кеші өтті. Онда айтулы халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, педагогтың шәкірттері де өнер көрсетті. Ең бастысы көпшілік кеш кейіпкері — Күлімхан ұстаздың қолына алғаш домбыра ұстатып, өнер жолын таңдауға сеп болған жанымен таныса алды.
Төгілген күй мен шалқыған, шарықтаған ән. Тыңдарман қауым ұйып, өнер иесінің шығармашылығы мен қазақтың төл өнеріне тәнті болып отыр. Бүгінде осы дәстүрлі ән жанрын жаңғыртып жүрген ұстаз мұны өзі ғана меңгерген жоқ, 20 жылдан бері шәкірт тәрбиеледі. Сазды, ондағы ұлттық аспаптарды ұлықтады.
Күлімхан Сейілбекова, дәстүрлі әнші, №23 мектептің оқытушысы: «Өте үлкен толғаныс-қобалжуды сезініп тұрмын. Себебі, біз, педагогтар, қай кезде де шәкіртіміздің танылып, олардың өнерінің шарықтағанын көргіміз келіп тұрады. Өзімізден бұрын оқушыларымыздың жетістікке жеткенін қалаймыз. Сондықтан, бүгінгі кеш менің ғана емес, шәкірерімнің кеші дер едім. Олардың да еңбегі бар. Менің тапсырмамды орындап, өнер, саз әлемінің сырын ұққаны үшін рахмет! Алдағы күндері де шәкірттерімнің қатары артып, қазақтың мәдениет пен өнер саласына өзіндік үлестерін қосатынына сенем.»
«Әйел-ана, әйел-ұстаз, әйел -тұлға» атты білікті, өнерлі тәлімгер Күлімхан Сейілбекованың шығармашылық кешіне шәкірттері де арнайы келді. Мұнда айтулы халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, яғни педагогтың шәкірттері өнер көрсетті. Ұстазына деген риясыз құрмет-алғысын жаудырды.
Күлімхан Сейілбекованың шығармашылық кешін»Ынтымақ» этно-мәдени орталығы мен облыстық аналар кеңесі және педагогтың өзі қызмет ететін №23 мектептің ұжымы ұйымдастырған.
Гауһар Төлепова, «Ынтымақ» этно-мәдени орталығының төрайымы: «Әйел — ана, әйел — көшбасшы, әйел — еңбеккер. Мұны қоғам әлдеқашан мойындап қойған. Бірақ, қазіргі Елбасының сындарлы саясаты аналардың үйде ғана емес, саясатта да белсенділік танытуын қадағалайды. Бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тербеген әйелдер қауымына қай салада болсын өз үлестерін қосып, ел болашағына септігін тигізгендері дұрыс. Бүгінгі шара да соның бір дәлелі».
Шараға келген туыстары мен әріптестері кеш кейіпкеріне арнап сазды аспаптармен құттықтау лебіздерін жеткізді. Ең бастысы көпшілік кеш кейіпкері — Күлімхан ұстаздың қолына алғаш домбыра ұстатып, өнер жолын таңдауға сеп болған әкесінің де шығармасын тыңдауға мүкіндік алды.