Оңтүстіктің кәсіпкерлері форумға жиналды

145
Кәсіпкерлер форумы

Кәсіпкерлерге доллармен несие алу тиімсіз. Сондықтан мемлекет екінші деңгейлі банктерге саланы дамыту мақсатында берілетін қаржыны теңгемен үлестіруді міндеттеп отыр.

Кәсіпкерлер форумы

Бұл туралы Шымкентте өткен кәсіпкерлер форумында айтылды. Іскерлердің басын қосқан шарада саланы өрлетудегі өзге де проблемалар талқыланды. Жиналғандар бизнес өкілдерінің қолын байлайтын әкімшілік кедергілерді шешу жолдарын  қарастырды. Сондай-ақ, импортты алмастыру саясатын қолдауға қатысты ұсыныстарды да ортаға салды.

Форумға өңір басшысы бастап, Астанадан ат арылтып келген ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қатысты. Салаға жауаптылар мен іскерлер кәсіпкерлікті өркендетуге кедергі болып жатқан түйткілдердің түйінін тарқатты. Әкім ә дегеннен маман мәселесін шешуді ұсынды. Оның пікірінше, кәсіби кадрлар тапшылығы бизнес өкілдерінің қолын байлап тұр.

Ауыл шаруашылығы тәуекелі жоғары сала болып саналады. Сондықтан оған ғылыми қолдау қажет. Жергілікті билік өкілдері алдағы бес жылдықта бұл бағыттағы шаруаларға қаржылай көмектің қомақты болатынын да айтты. Сондай-ақ, экспортқа жол ашатын шаралардың ойдағыдай жүріп жатқанын жеткізді.

Дүниежүзілік дағдарыс отандық кәсіпкерлерге де оңай тиіп жатқан жоқ. Оның үстіне еліміздің Еуразиялық Одақ пен ДСҰ-на кіруі де бизнес өкілдері үшін үлкен сын. Сондықтан мемлекет сындарлы сәтте іскерлерге демеу болуы тиіс. Сол үшін үкімет екінші деңгейлі банктерді кәсіпкерлерге берілетін несиелерді көк қағазбен емес, төл теңгемен үлестіруге міндеттеп отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын еліміз сырттан келетін тауарларға 9 триллион теңге жұмсайды екен. Демек, импортқа тәуелді Қазақстан осынша қыруар қаржыны шет мемлекеттерге асыруға мәжбүр. Сондықтан форумға жиналғандар бұл шығындарды отандық тауарөндірушілерді қолдауға жұмсау қажеттігін алға тартты. Сонда саланы дамытуға мемлекеттен арнайы қаражат бөлудің де қажеті болмайды дейді олар.