Ж.Шанин театрында Абайдың өмірінен премьералық спектакль сахналанды

479

Биыл ұлы ақын, қазақтың ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына – 170 жыл. Осыған орай өңіріміздегі Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрының ұжымы қаламгердің өлеңі мен өмірі жолынан премьералық спектакльді сахналады.

Спектакльде ақынның жастық шақта жазған жыр жолдарынан бастап, өмірінің соңғы сәттеріндегі еңбектерін де көре аласыз. Тіпті ұжым оның шығармаларын әуелете шырқады. Бұл театрдағы әртістердің хор жанрына да бет бұрып жатқанын көрсетсе керек. Ал қойылымның режиссері Қуандық Қасымовтың айтуынша, туындыда Абайды сомдау жалғыз емес, бірнеше кейіпкерге жүктелген.

Сағи Алмұратов, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртісі: «Әрине, Абайдың рөлі мен үшін үлкен жауапкершілік, бірақ сахнада дәл Абайдай болдым дей алмаймын. Себебі Абай болу үшін Абай болып туылу қажет шығар?! Менің ойымша ақын қайталанғысыз тұлға! Бірақ мейлінше оның бойындағы жақсы қасиеттерді өзімнің бойыма сіңіруге, оны халыққа жеткізуге тырыстым. Және рөлді ойнау үшін ақынның кітаптарын қайта оқып, оның өміржолын зерттедім, біраз іздендім. Соның нәтижесі болса керек, көрермендер оң пікірін білдіріп жатыр. Бірақ басты кейіпкерді мен ғана емес, өзге де әртістерім сомдап шықты, бірі балалық, екіншісі жасы егде тартқан ақынның болмысына енді, ал мен Абайдың жастық шағын сомдадым. Біздің режиссеріміз әу баста-ақ сен немесе өзге біреу емес, сахнада қаламгердің жырын жаттап, оқыған кез келгенің Абайсыңдар деп түсіндірген-ді».

12299232_1119794171393934_1542499067551814051_n

12313558_1119794161393935_3066674114145586359_n

Қойылымға келген көрермендер көп болды. Жас пен жасамыс та бар. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та спектакльді арнайы келіп, тамашалады. Соңында өнер ұжымына «Ықылас» гүлін сыйлап, қойылымға оң бағасын берді және театр ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Айта өтейік, «Желсіз түнде жарық ай» атты әдеби музыкалық толғауға Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының 40-тан астам әртісі жұмылдырылыпты. Енді өнер ошағының алтын қорына енген қойылым алдағы апта бойы көрермен назарына ұсынылмақ.