Оңтүстік тұрғындары қару тапсырып, 96 млн теңге сыйақы алды

238

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, ұңғысыз, жарақат салатын, травматикалық, оқ- дәрілері атуға жарамды газды атыс қаруын анықтау және ақылы негізде қабылдау акциясы басталғаны белгілі. Осы науқан 2015 жылдың 31 желтоқсаны күні аяқталады.

Осыған орай тәртіп сақшылары травматикалық және газды-травматикалық қарулары бар тұрғындардан өз еріктерімен 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін ішкі істер органдарына өткізуге кеңес береді. Олай етпеген жағдайда қылмысты кодекстің жаңа редакциясына сай 287-баппен (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл бап 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Қару тапсыру

Қағидаларға сәйкес, ішкі істер органдарында тіркелген жарақат салатын қаруды ерікті түрде өтеулі тапсыру үшін жеке тұлға немесе сенімхат бойынша оның өкілі қару тіркелген орны бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі істер департаментіне немесе қалалық, аудандық ішкі істер органына келіп, өзімен бірге мына құжаттары болуы тиіс:

1. 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды ерікті түрде өтеулі тапсыру туралы өтініш;
2. Қаруды сақтау және алып жүру құқығына берілген рұқсаттың түпнұсқасы;
3. Жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесін;
4. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын банктер немесе ұйымдарда ашылған есепшот нөмірі туралы мәліметті;
5. Сенімхат осы қағидалардың 6-тармағында көзделген тәртіппен өтінішті және қажетті құжаттарды өкіл тапсырған жағдайда ұсынады.

Қару тапсыру

Талап етілген құжаттар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін ұсынылмаған жағдайда тапсырылған қару үшін ақшалай сыйақы төленбейді, деп хабарлайды ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Қаруды өз еркімен тапсырған азаматтарға сыйақы мөлшері төмендегідей қарастырылған: 1-санат бойынша тапсырылған қаруға бағасының 90 пайызы төленеді, 2-санат бойынша тапсырылған қаруға – 70 пайызы, ал 3-санат бойынша тапсырылған қарудың бағасының 50 пайызы төленеді.

Жалпы, жыл басынан бері облыстық ішкі істер департаментіне 3387 азамат келіп, өз еркімен 3518 травматикалық және газды-травматикалық қару тапсырған. Департаментте құрылған арнайы комиссия мүшелері сыйақы төлеу туралы 2788 оң қорытынды шығарды. Ондағы сыйақы көлемі 148 миллионнан астам теңгені құрап отыр.

Қазіргі таңда өз еркімен қару тапсырған 1763 азаматқа сыйақы төленді. Жалпы төленген қаржы 96,5 миллион теңгеден асады.