Шымкенттің оқушылары калькуляторсыз есеп шығарып, Үндістаннан жүлделі оралды

Бірнеше таңбалы сандарды қосу, алу, көбейту бұл оқушылар үшін еш қиындық туғызбайды. Көз ілестірмес жылдамдықта бірнеше санның қосындысын дұрыс табу – балалар үшін күнделікті сабақ.

Әлемнің 58 елінде UСMAS бағдарламасы бойынша оқытылатын жүйе арқылы оқушылар алдымен «Абакус» арнайы есепшотын пайдаланып, есеп шығаруды үйренеді. Ұстаздардың айтуынша, дәлдік пен жылдамдыққа негізделген оқыту жүйесі баланың дамуына үлкен сеп болмақ.

Менталды есеп шығару

Гүлнар Үсенова, «Алиар» балаларды дамыту орталығының құрылтайшысы: «Менталды арифметика – бұл есепті кулькулятордан тез шығару ғана емес, сонымен бірге, баланың миын дамыту және жаттықтыру. Математиканы оқыту арқылы балалардың ойлау, есте сақтау қабілеті дамиды, жылдамдық қабілеті артады. Орталықта білім алатын балалар кез келген есепті ауызша есептеп шығаруға бейімделеді. Мектеп бағдарламасы бойынша білім деңгейінің көтерілуіне де ықпал етеді».

Менталды есеп шығару

«Алиар» орталығында білім алатын 300-ге жуық оқушының үздіктері Үндістанда өткен халықаралық жарыста топ жарды. Санаулы секундта бірнеше таңбалы сандарды қосып, көбейтіп, есептегіш құралдың көмегінсіз күрделі есепті ауызша шығаруда алдына жан салмаған шымкенттік оқушылар жүлделі орындардан көрінді.

UСMAS бағдарламасы бойынша менталды арифметикадан өткен сайысқа әлемнің 58 елінен 1200 бала қатысқан.  Соның бірі – ерекше жылдамдығымен көзге түскен 8 жасар Абылай Артықпаев.

Менталды есеп шығару

Абылай Артықпаев, халықаралық жарыстың II орын иегері: «Мен орталықта есепті тез шығаруды үйрендім. Нью-Делиде өткен сайысқа қатысып, 2-орынды жеңіп алдым. Еш қорқыныш болған жоқ. Тек есептерді дұрыс дәне бірінші болып шығаруға тырыстым.»

Бауыржан Байтанаев, ата-ана: «Алғашында жарнамасы жер жарған дамыту орталығы болар деп күдіктендім. Алайда бұл ойымнан араға көп уақыт салмай-ақ айныдым. Жарты жыл өткенде байқадым – баламның мектептегі өзге сабақтар бойынша үлгерімі де жақсарып келеді. Ақыл-ойы дамып, көзқарасы өзгерген. Меніңше, менталды арифметика – бұл ақыл-ойдың гимнастикасы және мұндай сабақтар кез келген бала үшін қажетті нәрсе.»

2016 жылдан бастап «Алиар» дамыту орталығында жаңа жоба қолға алынбақ. Мамандар енді республикалық «Асыл бала» қауымдастығымен бірлесе отырып еліміздегі мүмкіндігі шектеулі, есту қабілетінде кемістігі бар балаларды UСMAS бағдарламасы бойынша оқытуды көздеп отыр. Орталық басшылығы осылайша жарымжан балалардың қоғамға тез бейімделіп, өз орындарын табуына үлес қоспақ.