Облыстың даму бағдарламасы бекітілді

276
төтенше жағдай жөніндегі комиссия

Шымкентте облыс әкімі Б.Атамқұловтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 46-сессиясы өтті. Күн тәртібінде облыстың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы, 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыс мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, облысты басқару сызбасы және «ОҚО бойынша тексеру комиссиясы» мекемесі жайлы ережені бекіту жайлы 4 мәселе қаралды.

төтенше жағдай жөніндегі комиссияЖиында депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді бір ауыздан қабылдап, бекітті. Халық қалаулылары қолдаған бірқатар мәселелерге тоқталып өтсек, облыстың бес жылдық даму бағдарламасы аясында өңірімізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй салу, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және  коммуналдық салаларда оң өзгерістер орын алып, жұмыстар қарқын алмақ.

Ал ОҚО-ны басқару сызбасы бойынша облыстық әкімдікке қарасты 19 басқармадан кейбір міндеттер алынып, жаңадан қосылған 4 басқармаға жүктелетін болды. Яғни, облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасынан жастар саясаты бөлініп шығып, жеке дара басқарма ретінде жұмысын жалғастыратын болды. Бұрынғы басқармадағы тілдерді дамыту істері облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасына қосылды.

Сонымен бірге, бұдан былай облыстық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы ОҚО жер қатынастары басқармасы және ОҚО жер инспекциясы басқармасы ретінде жұмысты жалғастырмақ.

Ал облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының міндеттері өзгертіліп, ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы және ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы болып құрылды.

– Жаңа басқару жүйесі әкімдік жұмысын жетілдіруге көмектеседі. Өйткені, бірнеше міндетті мойнына алған басқармалар кейбір жұмыстар бойынша физикалық жағынан үлгере алмауы мүмкін, – деді облыс әкімі. – Мәселен, энергетика мен жол мәселесі – үздіксіз жұмыс істеуді қажет ететін күрделі сала. Яғни, өңірдегі барлық ауылдарға баратын үлкен жолдар мен ішкі көшелер дұрыс деңгейде жөнделіп, халықаралық талаптарға сай болуы тиіс. Электр энергиясы жетіспеушілігін болдырмау үшін бірқатар электр стансаларын жөндеп, жаңадан салып, салаға инвестиция тарту арқылы оны дамытуымыз қажет. Ал жастар саясатына келсек, облысымыз жастар саны жөнінен республикада көш бастайды. Олардың тәрбиесі, оқуы сынды мәселелер күн тәртібінен түспей бұл салада нақты жұмыстар жасалу керек. Дін саласының да жеке-дара жұмыс істеуі халқымыз үшін маңызды. Азаматтардың сеніміне қатысты нәзік мәселеде кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек.

Жиын соңында өңіріміздің дамуы мен өркендеуіне атсалысқан бірқатар азаматтар облыстың құрмет грамотасымен марапатталды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі