Оңтүстіктегі кәсіпкерлер мектептерінде жаңа оқу маусымы басталды. Мұнда өз ісін бастауды қалайтын немесе жұмысы жүріп тұрған азаматтар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрене алады.
Кәсіпкерлік мектебінің мамандары іскерлік негіздері, тақырыптық семинар-тренингтер мен түрлі оқу курстарын өткізеді, өндірістік немесе шаруа қожалық аймақтарында тәжірибелік, шеберлік сабақтарын ұйымдастырады.
Жалпы оқу мерзімі — 10 күн, оның 2 күні тәжірибелік сабақтарға арналады. Оқу барысында тыңдармандар бизнес жүргізу бойынша білім алып, бизнес-жоспар құруға дағдыланады, мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алу ережелерімен танысу сияқты көптеген маңызды мағлұмат алуларына мүмкіндік бар.
Сонымен қатар кәсіпкерлік саласында оқу курсын сәтті аяқтағандарға кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу-әдістемелік нұсқаулықтар, кәсіпкерлік мектебінің түлектеріне қазақ және орыс тілдерінде авторлық «Шаруа жолсерігі» технологиялар жиынтығы кітабы мен «Шағын бизнеске 100 идея» бизнес-жоспарлар жиынтықтары беріледі.
Әр азаматқа оқу курсын аяқтағанын растайтын сертификат тапсырылады. Кәсіпкерлік мектебінің бұл сертификаты «Ырыс» ұйымынан төмен пайызбен шағын несие алуына толық мүмкіндік береді.
Биылдың басынан оқу курсын өтуге облыс бойынша 500-ден астам адам өтініш тапсырған, 8 ақпаннан бастап 230 адам оқуды бастап кетті. Оқу курсын тек ірі қалаларда ғана емес, кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығының барлық аудандардағы филиалдарында өтуге толық жағдай жасалған.