Оңтүстікте түрік инвесторларының қатысуымен 9 жоба жүзеге асуда

206
түрік инвесторлары

Оңтүстік Қазақстан облысына Түркияның «Икителли» индустриалды аймағының негізін қалаушы басшылық еткен түрік кәсіпкерлерінен құралған делегациясы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысты. Сапар барысында «Akgun Insaat Makina Sanayi», «PlasWin», «TADES», «ES Ipekli Tekstil» компанияларының басшылары «Оңтүстік», Қазақ-Түрік индустриалды аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысты.

түрік инвесторлары

Сондай-ақ, облыс басшылығымен кездескен түрік бизнесмендері Түркияның ірі тамақ өнеркәсіптерінің бірі саналатын «TADES» компаниясы өңірімізге кондитерлік фабрика салуға ниетті екенін білдірді. Аталған компания алғашқы кезеңде кондитерлік фабрикада попкорн, тәтті күлше және дайын таңғы ас өңдіруді жоспарлауда.

Бұл сапар оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлерінің Түркияға жасаған роудшоу барысында «Оңтүстік» және «Икителли» индустриалды аймақтар арасындағы келісім аясында жүзеге асып отыр.

Бүгінде облыс әкімдігі мен «Оңтүстік» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясы» өңірімізге түрік инвесторларын тарту мақсатында белсенді жұмыс жасауда. Мәселен, осы мақсатта Түркияға 4 рет іс-сапармен барған кәсіпкерлер Анкара, Ыстамбұл, Измир, Газиантеп, Адана, Коня, Анталя қалаларында бизнес-форумдар мен екі жақты кездесулер өткізді.

түрік инвесторлары

Нәтижесінде өңіріміздің инвестициялық мүмкіндіктерін зерттеу мақсатында келген түрік кәсіпкерлерінің белсенділігі артты. Биылдың алғашқы 2 айында Оңтүстік Қазақстан облысына 15-ке жуық түрік компаниясы келсе, өткен жылы 32 түрік компаниясы іскерлік саяхат жасаған.

Қазіргі таңда алаңы 50 гектар болатын Қазақ-Түрік индустриалды аймағында түрік инвесторларының қатысуымен 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, инвесторларымен келіссөздер барысында 30 әлеуетті инвестициялық жобаның тізімі анықталып, бүгінде осы жобалармен тығыз жұмыс жасалуда.