Шымкенттегі шағын айналма жол жабылды. Қуаныш Төлеметов көшесін қайта құру жұмыстары жалғасуда. Осыдан үш жыл бұрын басталған жол жөндеу жұмыстарына 4 миллиард теңге бөлінген. Мұнда екі бірдей мердігер компания жұмыс істейді. Қазіргі таңда құрылыстың 40 пайызы аяқталған.
Қайта жалғасқан құрылыс жұмыстарына сай Төлеметов көшесінің Бәйдібек би көшесі қиылысынан бастап Бәйтереков көшесіне дейінгі аралығы жабық болады. Үш учаскеге бөлінген құрылысты «Түркістан жол сервис» және «Отау строй» мекемелері жүргізеді. 15 шақырымды құрайтын жолдың тек 6 шақырымға жуығында құрылыс аяқталған.
Бұрынғы тар көше кеңейіп, ені 8 метрден 21 метрге дейін кеңейеді. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер жолы да салынады деп күтілуде. Сала мамандары жабылған жолды үш айда толық аяқтап, бір бөлігін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Айта өтейік, биыл қала көшелерін күрделі жөндеу үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға елді мекендердегі 42 көше жөнделетін болады.
Нұрлан Жаңабай