Созақта түйе сүтін өндіру кооперативі құрылмақ

573
Созақта түйе сүтін өндіру кооперативі құрылмақ

Созақта түйе сүтін өндіру кооперативі құрылмақСозақта түйе сүтін өндіру кооперативі құрылмақ. Осы бағыттағы жұмысты бастаған аудан әкімі М.Исаев Теріскейде түйе сүтін өндіру бойынша кооператив құру мәселесі бойынша жиын өткізді.

Облыс әкімі Б.Атамқұлов 2015 жылы атқарылған жұмыстар туралы халық алдында берген есебінде Созақ, Бәйдібек аудандарында мал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстар жасалып, Түркістан, Арыс, Отырар, Созақтан түйе сүтін жинау бекеттері ашылады деген болатын. Бұл жұмыстар осы жоспарлар негізінде ұйымдастырылып отыр.

Жиынға ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Б.Негмашов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары П.Тастанбеков және аудандағы шаруа қожалық иелері қатысты. Министрлік мамандары әуелі Созақ, Қарағұр, Шолаққорған ауылдарындағы түйе шаруашылығының жай күйімен танысты.

Ауданға арнайы іс-сапармен келген Б.Негмашов Созақта түйе сүтін өңдейтін құрылғыны лизингке беруге болатынын жеткізді.

«Қазіргі таңда, шаруалардың алдында тұрған негізгі мәселе өнімді өңдеу және өткізу екені белгілі. Бұл мәселені шешудің бірден бір заманауи жолы шаруалардың кооперативке бірігіп, өнім өндіруге, тасымалға кететін шығынды азайту» деді министрлік өкілі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары П.Тастанбеков шаруа қожалықтарына кооперативтің құрылымы мен алдағы тұрған міндеттерін түсіндірсе, «Қарағұр» түйе шаруашылығының төрағасы Ж.Садырханов бұл жұмыстардың үкімет тарапынан шаруаларға жасалып жатқан зор мүмкіндік екенін айтып, кооперативке мүше болатынын жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімі түйе сүтін өңдеу бойынша құрылатын кооперативке аудан әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау жасалатынын айтып, шаруаларды бірігуге шақырды. Сәуір айында кооперативтің жарғысы дайындалып, одан әрі негізгі жұмыстар жүргізілмек.